Домбыраның шығу тарихы қандай?

Қазақтың көне аспаптарының бірі – домбыра.

Қадыр ақын: «Екі шектің бірін сәл-пәл кем бұра, нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», – деген. Иә, бабалардың мұрасы, қоңыр домбыраның орны бөлек. Бірақ осы домбыра Наурыз басталғалы бірге жасасып келе жатқанға ұқсайды.

Домбыра – жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық музыка мен классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап. Шанағынан күй төгілген домбыра – Алаштың айбары. Деректерге сүйенсек, 6 мың жылдық тарихы бар.                      

Ардаби Мәулетұлы, өнертанушы:

- Сіз айтып отырсыз, 6 мың жылдық деп, негізі одан да көп болып тұр, қарап отырсақ. Тарихи деректерге сүйенсек, көне түркі дәуірінен басталған. Домбыра біздің қазақта ғана емес, түркі халықтарының біразында бар. Өзбек ағайындарда, мынау Алтай өңіріндегі түркі тілді халықтарда бар. Ресейде де жасап жатыр ғой, бір емес бірнеше Алтай тілді халықтар, мысалы. Солардың шекті музыкалық аспаптары ретінде қолданыста бар.

Домбыра жайында мынадай да аңыз бар. Ертеде бір жолаушы орман аралап жүріп, терекке ілінген шұбатылған шекке тап болады. Әлгі шек ызыңдап дыбыс шығарған. 

Едіге Нәбиев, күйші:

- Жел қатты соқса, бір дыбыс, жай соқса, қоңырлау дыбыс шығарады. Атынан түсіп, шекті қиып алып, үйіне келіп, жақсы бір жіңішкелеу ағаш тауып, бетін тегістеп, соған жаңағы шекті бойлата тартып, қатар етіп тартып көрсе, дыбыс шығатын болады. Тартып көреді, өзі оны домбыра деп білмейді. Былай ойлап, былай ойлап, домбыра деп бастап кетеді. Қазақтың домбырасы осылай шыққан деген тарих бар.

Ардаби Мәулетұлы, өнертанушы:

- Домбыраның енді пәлен уақытта шығыпты деген нақты тарихы жоқ. Бірақ бізге белгілі деректер, мысалы, петроглифтердегі суреттер, сосын археологиялық қазбалар, көне түркі дәуірі, V ғасыр, содан бергі археологиялық қазбаларда бар. Соңғы кезде Шығыс Қазақстанның Қарғыба обасынан табылған домбыра бар.

«Домбырам екі шекті, сегіз перне» деп жырға қосылғанмен үш ішектісі де кездеседі. Академик Әлкей Марғұлан домбыраны барлық аспаптардың атасы деп бағалаған. «Ол алғашқыда түркі жұртының бесігі – Алтай тауларында пайда болған» деген де деректер айтылады.  

Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Ербол Дайыров.