Түрік жастары шапан киіп жүр
Түрік жастары Анкарадағы Наурыз мейрамын қазақтың шапанын киіп қарсы алды, деп хабарлайды 24KZ.
Олар бұл арқылы түркі тілдес халықтардың төл мерекесін ұлықтап, бауырлас қазақ хлқына құрметін білдіргісі келгенін айтады. Мерекелік шараға шет елдердің өкілдері мен жергілікті қоғам қайраткерлері қатысты. Әр елдің өнерпаздары концерт қойды.
Айта кетейік, Түркияда ХХ ғасырдың ширегіне таман ішкі жағдайларға байланысты Наурызды тойлау тоқтатылған еді. Кеңес үкіметі ыдырап, түркі мемлекеттерінде әз-Наурыз жандануымен Анадолыда да дәстүрлі мейрам қайта бұқаралық сипат ала бастаған.
Утку Йылдырым, оқушы:
- Наурыз – түркілердің негізгі әрі ортақ мейрамы. Сондықтан әкімшілікке арнайы барып, қазақтың ұлттық киімдерін сұрадық. Өйткені туыстас жұрттың ішінде бізге ең жақыны қазақтар деп білемін. Осында мерекеге келгендердің бәрі шапанымызды көріп, қызығып сұрап жатыр. Онымен өзімді жауынгер сияқты сезінемін.
Саваш Йылдырым, спортшы:
- Наурыз – барлық түркі елдерінің мерекесі. Орталық Азия елдерінде бұл мейрам керемет тойланатынын білемін. Біздің де кей салтымыз осы мерекемен байланысты. Осы орайда күллі түркі халықтарын ортақ мейраммен құттықтаймын.