Ақтаулық этнодизайнер ұлттық киімді әлемге танытты
Ақтаулық шебер қазақтың жадағайын әлемге танытты, деп хабарлайды 24KZ.
Этнодизайнер Айжан Рахымбайқызы түйе жүнінен сырып тіккен ұлттық киімдер Біріккен Араб Әмірлігі мен Америкада көрермен ықыласына бөленді. Қолөнер шебері мал жүнінен тігілген киімдерін келесі айда Еуропаға таныстырмақ.
Қазақ халқы түйе жүнінен сырып тоқылған жадағайды ертеден киген. Жел әрі ылғал өткізбейтін, салмағы жеңіл киімге қазір де сұраныс жоғары. Ұлттық қолөнерді қайта жаңғыртқан этнодизайнер шикізатты Бейнеудегі малшылардан алдыртады. Бұрын пайдаға аспай қоқысқа тасталатын мал жүні енді шеберханада өңделіп, сапасы мен бағасы жоғары ұлттық киімге айналып жатыр.
Ісмер Айжан Рахымбайқызы жастайынан іс тігеді. Сүйікті жұмысынан Қазақ ұлттық унивеситетінде оқып жүрген кезінде де қол үзбепті. Шет тілін білгенінің арқасында Италияда дизайнерлік курс оқып, шеберлігін жетілдірген. Ізін басқан шәкірттерімен бірге күніне 2-3 жадағай тігіп, өз бетімен табыс тауып отыр.
Гүлзира Күзенбаева, шебер:
- Айжан апа тікелей жүн салудан бастап, әрбір жадағайдың қалай тігілуі бар, соған дейін барлық қыр-сырын үйретті. Бұрын-соңды мен жадағай тігіп көрмегенмін. Ертеден ата-әжеміздің киіп келе жатқан киімі болғаннан кейін – ерекшелігі сонда.
Экологиялық таза өнімнен тігілген жадағайлар мен ішіктер аймақтарда өткен көрмелерге қойылып, соңғы кезде шетелден тапсырыс жиі түсе бастайды. Бұған дейін қолөнер шебері арнайы шақыртумен Дубай, Нью-Йорк, Вашингтон қаласында болып, қазақтың ұлттық киімдерін халықаралық сән көрсетілімінде таныстырған.
Айжан Рахымбайқызы, этнодизайнер:
- Түйенің жүні бұрыннан көп игерілмей, тіптен жиналмай, шашылып жататын. Соны ойлап, біз өзіміз арнайы маусымдық жұмысшылар алып жинаймыз. Одан кейін оны өңдеп, тазалап жуып, тігуге дайындаймыз. Өте жоғары сапада дайындаймыз. Одан кейін жадағайға салынып, тігіліп, нарыққа шығады.
Маңғыстаулық тігінші өткен ғасырларда қазақтар киген жадағайлардың суретіне қарап, қазіргі заманға лайықтап тігеді. Сырт киім өңіріне ілетін түймелерді жергілікті шеберлер бағалы металл немесе асыл тастардан жасайды. Көздің жауын алатын ұлттық киімдер Наурыз мейрамынан кейін Францияның Париж қаласына жеткізіліп, көрермен назарына ұсынылмақ.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.