Әуезов пен Әбіштің америкалық оқырманы

Америкалық ғалым қазақ әдебиетінің корифейлері Мұхтар Әуезов пен Әбіш Кекілбаевтың шығармаларына тәнті.

Қос алыптың «Америка әсерлері» және «Аңыздың ақыры» атты ағылшын тіліне аударылған кітаптарын Джордж Вашингтон университетінің профессоры Кристофер Кожем оқып, әсерін сондағы әріптесімізбен бөлісті.

Джордж Вашингтон университетінің профессоры Кристофер Кожемнің қазақ әдебиетіне құрметі ерекше. Жақсы әдеби шығарма көрсе ішкен асын жерге қоятын ол  Мұхтар Әуезов пен Әбіш Кекілбаевтың туындыларын зор ықыласпен оқып шыққан. Бірі төл әдебиетіміздің аңызына, енді бірі абызына айналған қос жазушымыздың кітабын оған өзі оқытқан қазақ студенті берген.

Кристофер Кожем, профессор:

- Қазақстаннан келген жақсы студентім мені өз елінің әдебиеті және тарихымен қызықтыра білді. Ол маған екі кітапты ұсынды. Мен аса қызығушылықпен оқып шықтым. Біріншісі – Әбіш Кекілбаевтың Аңыздың ақырыроманы. Қазақстанның тарихы, мәдениеті туралы көп білмейтінмін. Маған Темірлан және сол кездің мәдениеті қатты ұнады. Және мұндағы махаббат пен философия, билік пен жемқорлық, барлығы бір билеушінің қолында шоғырлануы жайында маңызды ойлар бар. 

1960 жылдың ақпан мен наурыз аралығында Мұхтар Әуезов АҚШ-қа арнайы ат басын бұрып, Вашингтон, Нью-Йорк, Калифорния, Лос-Анжелес пен Бостон қалаларындағы әдеби орталықтарды аралап, саяхат күнделігін жаза бастаған. Сол сапарда қаламгердің танымдық талдауы терең әрі көркемдік қуаты биік «Америка әсерлері» атты публицистикалық шығармасы дүниеге келген. Профессор қоғамтанушы ретінде әсіресе осы туындыны ұнатыпты.

Кристофер Кожем, профессор:

- Онда екі елдің тарихы, мәдениетінің тоғысуы суреттелген. Және Әуезов мырзаның орынды көрсеткеніндей, америкалықтар Кеңес Одағының да, Қазақстанның да әдеби мұрасымен аса таныс емес еді. Сондай-ақ ол бізде дамыған қоғам мен көп технологиялар, биік ғимараттар барын, өмірдің қарқынды екенін суреттеген. Сонымен қатар ол сол кездегі әдебиетімізге зорлық-зомбылық және қажетсіз құндылықтар көп енгені туралы мәселелерді көтерген. Ол 1960 жылы жазылғанымен қазіргі кезде де өте құнды түсініктерге толы.

Кристофер Кожем енді әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр Әл Фараби жайында жазылған қазақ жазушысы Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» атты романын оқып шығуға ниетті. Осылайша мұхиттың арғы жағынан алаштың Мұхтарын кезіктіріп, АҚШ-та қазақтың Әбішін тапқан профессор алдағы уақытта қазақ еліне жол түссе, барып қайтуға бел буып отыр.

Айжан Сыдықова, «24.KZ», АҚШ