Салмағы 13 грамм тартатын кітап
Біздің елде сіріңкенің қорабындай кітап бар екен. Миниатюрлық кітаптардың жазуы ұсақ болар. Оқыла ма екен?
Неге оқылмасын. Мәселен Наполеон Бонопарт миниатюрлық кітаптардың жанкүйері болған. Ол әскери жорыққа шыққанда өзімен бірге кітап алып жүрген деседі. Наполеонға тиесілі былғарыдан жасалған миниатюрлық 49 кітап болыпты деген сөз бар.
Ал енді біздегі ең үлкен және ең кішкентай кітаптың салмағы қанша екен?
Сирек кітаптар ұлттық орталығында 9000-ға жуық кітап болса, оның 2000-дайы сирек кездесетін кітап. Ең үлкен кітаптан үшеу бар.
Жандос Болдықов, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры:
- Үлкен кітап бар. Испания елшісі бізге сыйлыққа берген. Испания ғалымдары XVIII ғасырда Америкаға барып, зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Географиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сол бізде бар. Ол өте сирек кітап. Қазақстанда сондай сирек кітаптың екеуі бар, соның біреуі бізде.
Былғарыдан жасалған кітаптың бірі – Құран, бірі – Харамейн. Бұл кітаптың ұзындығы 46, ені 34 см.
Бақытжан Омарова, Қолжазбалар және сирек кітаптар орталығы ұйымдастыру бөлімінің бас эксперті:
- Бұл кітаптың ішінде ІІ Сұлтан Әбдул Хамиттың альбомдарынан және Пашаның жинақтарынан Мекке Мәдинаның тарихи суреттерінің репродукциялары бар. Бұл кітап төрт бөлімнен тұрады. Біріншісі Меккеге арналған. Екіншісі – Мединаға, үшіншісі – Сураға. Сура дегеніміз жыл сайын сұлтандар Меккеге сыйлықтармен ақша жібереді екен. Сол караванды сура деп атайды екен. Төртінші бөлім қалаларға, басқа да адамдарға арналған.
Мынау «Харамейн» деп аталатын кітап. Мұнда Мекке Мәдинаның суреттері бейнеленген. Кітаптың салмағының өзі 15 келіден асады. Ал тағы бірі – VII ғасырға жататын Құран кітабы. Салмағы 10 келідей.
Бізді қызықтырып тұрғаны бұл жерде ең кішкентай кітаптар. Соның ішінде Ыбырай Жақаевтың күнделігі жазылған. Мәселен «Терең ойды тергендер» кітабында «Жер – қасиетті де қастерлі. Сен ыстықсың бәрінен де...» дейді. Осы кітаптың салмағы – 13 грамм.
Ең кішкентай кітап осы – Жақаевтың кітабы. Осындай кітаптардың саны жүзден асады. Омар Хаям, Жұбан Молдағалиев, Жазылбек Қуанышбаев, Қонаев, Жамбылдың таңдаулы өлеңдері жазылған ең кішкентай кітаптар да осында. Бұлардың салмағы – 35, 25, 20 грамм ғана.
Бақытжан Омарова, Қолжазбалар және сирек кітаптар орталығы ұйымдастыру бөлімінің бас эксперті:
- Ең бірінші миниатюрлық кітаптар орта ғасырда пайда болған. Ол кітаптар Патша отбасына және бай адамдарға тиесілі болған. Өйткені бұл кітаптарды жасау үшін айлар тіпті жылдар кетеді екен. Сондықтан бұл кітаптар патша отбасына тиесілі болған.
XVII-XVIII ғасырларда осы ең кішкентай кітаптар Англия мен Францияда өте танымал болған. Мұндай шағын кітаптарды заманында былғарыдан жасатқан.
Асантемір Қаршығаұлы, Наурызбай Құрманғазы, 24.KZ.