Қағаз қиындыларының көрмесі

Еліміздің мәдени өміріндегі жаңалықтардан хабардар болыңыздар.

Шәкәрім оқулары қорытындыланды

Елордада ІІ республикалық Шәкәрім оқулары қорытындыланды. Әдеби байқауға елдің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан астам оқушы қатысқан.

Ақтық сынға соның 18-і ғана жолдама алды. Өрендер алдымен ақынның өлеңін жатқа оқып жарысса, кейіннен ойшылдың өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап берді. Сыннан сүрінбеген елордалық Едіге Қилымбекұлы бас жүлдені қанжығасына байлады. Тараз, Батыс Қазақстан және Абай облысынан келген жеткіншектер де жүлделі орыннан көрінді.

Оларға демеушілер есебінен бағалы сыйлықтар мен арнайы алғыс хаттар табыс етілді. Басты мақсат – Шәкәрім Құдайбердіұлының мол мұрасын жас ұрпаққа таныстыру, дейді ұйымдастырушылар.

Көркем қағаз қиындыларының көрмесі

Алматыда көркем қағаз қию шебері Клайдас Навицкастың жеке көрмесі ашылды.

Автор ел назарына 50-ден астам туындысын ұсынып отыр. Ақ қағаздан қиылғын таңғажайып бейнелер негізгі үш тақырыпты қамтиды. Олар:  "Вильнюс аңыздары", "Құстар", "Литва қалаларының аңыздары".

Бір қызығы, бұл – Клайдас Навицкастың хоббиі ғана. Десе де құқық қорғаушы болып жұмыс істейтін оның 30 жылдан бері қолы қағаз бен қайшыдан ажыраған емес. Ол бұған дейін шығармашылық көрмесін Жапония, Қытай, Польша, Австрия, мен АҚШ-та өткізді.

Ал қазақстандықтар бірегей еңбектерді Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайынан сәуірдің 10-ына дейін тамашалай алады.

Ұлттық өнер ұлықталды

Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында «Наурызфест» ұйымдастырылды.

Мерекелік концерт саяхатшыларды тартуға бағытталған. Бейжіңде өткен іс-шара кезінде қазақ өнері жергілікті жұртшылыққа паш етілді. Этноауыл тігіліп, қолөнершілер көрмесі қойылды. Ұлттық салт-дәстүрлерден үзінді көрсетіліп, мәдениетіміз көпшілікке таныстырылды.

«Наурыз фест». Бұл туризм жылы аясында Қытайда ұйымдастырылған алғашқы іс-шара. Мерекелік концертті Түркістан облысының өнерпаздары қойды. «Сүгір» ұлт-аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, көпшілікті тәнті етті.

Айнұр Әбілдаева, эстрада әртісі:

- Мен бүгін Нұрғиса Тілендиевтың «Саржайлау» әні. Халықтың құлағында жүрген. Осы халықпен бірге айттым. Халық қазақтың әнін сағынып қалған. Осындағы қандастарымыз бірге орындап, бірге шырқап жүздерінен қуанышын көрдік.

Іс-шара Бейжіңдегі 798-ші Арт аймақта өтті. Бұл жерде әлем елдерінің көрмелері, мәдени орталықтары орналасқан. Концертке 200-ге жуық өнерпаз арнайы әзірлікпен келген. Қазақтың әні ашық аспан астында әуелеп, ұлттық өнері көпшілікті елең еткізді.

Мейіржан Әлиақпаров, Түркістан облысы мәдениет және халық шығармашылық орталығының директоры:

- Көрермендер арасында қандастарымызды да кездестірдік. Әдемі іс-шарамызға арнайы ұлттық киімдерімізді киіп келіпті. + «Өнерде жоқ шекара» деп айтады ғой. Екі елдің ынтымақтастығын осындай төл мерекемізбен, төл өнерімізбен білдіріп жатсақ бұл да бір жақсы + мәдени алға серпіліс деген ойдамын.

Қазақстан туризмі жылы аясында этноауыл ұйымдастырылды. Бірнеше киіз үй тігіліп, тайқазан қойылды. Қолөнер бұйымдары, ұлттық аспаптар көрмеге шығарылып көпшілікке ұсынылды. Қазақы дастархан жайылып гастрономиялық туризм әлеуеті таныстырылды. Қытайлықтарды әсіресе алып денелі батырлар таң қалдырды.

Нұрдәулет Медеуов, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазақ халқының мәдени құндылықтарын көрсеттік. Мен ойлаймын осы іс-шаралардың нәтижесінде Қазақстанға деген Қытай Халық Республикасының ойы өзгереді. Туристік нысандарға саяхаттар арта түседі.

Қазақтың әні Қытайдың Ұлттық опера үйінде де шырқалды. Мұндай іс-шаралар көрші елдің Шанхай, Сиань, Гонконг сияқты ірі мегаполистерінде де ұйымдастыру жоспарда. Осы арқылы саяхатшыларды көптеп тартып, елімізде туризмді дамыту басты мақсат.

Назерке Тоқжан, Руслан Бақытбекұлы, 24.KZ