Балалар әдебиетіне көңіл бөлу кемшін
Бүгін, яғни 2 сәуір – балаларға арналған халықаралық кітап күні. Айтулы дата әлем әдебиетінің өкілі, белгілі ертегіші Ганс Христиан Андерсеннің туған күніне орайластырылған.
Бүгін – Халықаралық балаларға арналған кітап күні
Ол әлем күнтізбесіне Халықаралық кеңестің шешімімен 1967 жылы енгізілді. Бұл мерекеде әлем балаларына танымал дат авторлары үндеу жасайды. Жер шарының түкпір-түкпірінде кітап оқу мәдениетін насихаттайтын басқосулар мен көрмелер ұйымдастырылады.
Балалар әдебиетін дамыту ісі кейінгі жылдары біздің елде де қолға алынды. "Балалар әдебиеті жылы" аясында мемлекет 40 автордың шығармасын басып шығаруға 226 млн теңге бөлген. Бұл 5 есе көп қаржы. Десе де балаларға арнап том-том шығарма жазып жүрген қаламгерлерді бұқара әлі күнге түстеп тани алмайды. Ел аузында сол баяғы Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Бердібек Соқпақбаевтардың есімі ғана айтылып жүр.
Олжас Қасым, ақын, балалар жазушысы:
- Біздегі баспалар әлемдік классиканы, Гарри Потер сияқты танымал шығармаларды сатып, олардың құқығын алып, таратуды жөн көреді. Ал негізінде бізде балалар тақырыбын қаузап жүрген ақын-жазушыларды арнайы бір бағдарлама арқылы баспаларға өткізу, баспаларға тізімін беру, ары қарай шығармашылығын қолдау жағы сәл кемшін болып тұр. Одан кейін бізде Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев сынды ақын-жазушылардың кітаптарын айналдырып шығара бергенді жақсы көреді.
«Шоқтығы биік Шона аға»
Шымкентте халықаралық күлкі күніне орай «Шоқтығы биік Шона аға» атты мерекелік кеш өтті.
Салтанатты шара тіл жанашыры, ақын, сатираның саңлағы Шона Смаханұлының 100 жылдығына арналды. Осыған орай әзіл-сықақ және сатира театрының әртістері ақынның шығармаларынан интермедиа қойды. Әндері орындалып, өмір дерегінен сыр шертетін көркем фильм көрсетілді.
Қағытпа әзілмен көрерменді қарық қылып, түрлі мәселені көтере білген сықақшының жазбалары өміршең, - дейді бүгінгі әріптестері.
Мамырбек Есберген, қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының әртісі:
- Таразда Шона Смаханұлының екі қазақ мектебі, Алматыда бір қазақ мектебі бар. Содан білім, тәрбие алуда балалар. Әзілге жақын болғандықтан оның қазір көп туындысын сахналап жүр. «Дүмше дәрігер» дегенді Шаншар әзіл-сықақ театры қойған. Тағы біраз өлең, сөздері оқытылып, әсіресе ең есте қалғаны – «Анамның тілі». «Анамның тілі айбының менің...» Сол әнімен қалды.