Өскеменде «Біз өмір сүреміз!» фестивалі басталды
«Біз өмір сүреміз!» Өскеменде осындай атаумен дәстүрлі фестиваль басталды, деп хабарлайды 24KZ.
Жобаның мақсаты – мүгедектігі бар жандардың өмірге деген құштарлығын көрсету. Қатарынан үшінші рет ұйымдастырылған шара 3 күнге созылады. Байқау шымылдығы инклюзивті театр ұжымы ұсынған спектакльмен ашылды.
«Біз өмір сүреміз!» фестивалінің мағынасы да, мақсаты да салмақты. Себебі байқауға мүгедектігі бар, бірақ өнері мен таланты шексіз жүздеген адам қатысады. Әсіресе жаңадан ашылған инклюзивті театрдың еңбегі ерен. Репертуарына қысқа, бірақ мәнді қойылымдар жинақтаған ұжым осы жолы әзіл-сықақ қойылым ұсынды. Актерлардың бірі зағип болса, енді бірі нашар көреді.
Станислав Цих, фестиваль жетекшісі:
- Фестиваль осымен үшінші рет өтіп тұр. Мақсатымыз – мүгедектігі бар жандардың бойындағы шығармашылық мүмкіндікті көрсету. Себебі олар «біз мүгедекпіз» деп қол қусырып қарап отырмайды. Өнерге, білімге талпынып жатыр. Ән де салады, би де билейді. Кітап та жазады.
Денис Ишуниннің қос жанары да көрмейді. Зағип жандарға арналған облыстық кітапханада қызмет етіп жүргеніне 13 жыл болды. Еңбекқор азаматтың жігері жасыған емес. Қазір Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін брайль шрифтмен басып жатыр. Өзі де ақиық ақынның шығармаларын сүйіп оқитын болған.
Денис елімізде қазақша туындылардың аздығына алаңдаулы. Енді өзі осы олқылықтың орнын толтыруға үлес қоспақшы.
Денис Ишунин, облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана қызметкері:
- Қазақстанда қазақша кітаптар аз. Біз бұған бейжай қарай алмаймыз. Мұхтар Шахановтың, Бахытжан Раисованың шығармаларын жазып жатырмыз. «Абай жолын» да брайль шрифтімен басып шығардық.
Жұпар Бітібаева, кітапханашы:
- Абай жолы кітабы негізінен, білесіздер, 4 томдық Брайль тіліне аударғанда, өзіміз басып шығарғанда ол 24 кітап болды. Оқырмандарымыздың сұранысына ие бұл кітап, Брайль тілінде шығарылған кітаптар көбінесе. Қазір балалар кітаптарын шығаруды қолға алдық.
Арнаулы кітапхананың 2 мыңнан аса оқырманы бар. Сондықтан қорды молайтып, тағы 14 кітап басып шығару жоспарланған. Фестиваль енді қолөнер шеберлерінің көрмесімен жалғасады.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.