Қаныштың қара шаңырағы

Академик Қаныш Сәтбаевтан қалған құнды жәдігерлер тақауда ұлттық музейдің көрме залына қойылады.

Олардың қатарында Қарсақбайда кезінде ғалымның өзі тұрған, қазіргі музей-үйінде сақталған экспонаттар бар. Академиктің тер исі сіңіп, ізі қалған бұл үйдің өзін қарсақбайлықтар көздің қарашығындай сақтап отыр.

Бүгін – ғұлама ғалымның туған күні екенін айттық. Ол саналы ғұмырының 15 жылын орталық Қазақстандағы жер асты байлығын зерттеуге арнады. Қазақ геология ғылымының іргетасын қалады.

Бұл қараағаштардың да жайқалып өсіп тұрғанына бірер жылда 100 жыл болады. Осы үйге кірген жылы Қаныш Имантайұлы өз қолымен отырғызған екен. Ғұлама ғалым бұл үйде 15 жыл тұрған. 

Зейпін Қазанбаева, музей директоры:

- Орталық Қазақстанның металлогениялық болжам картасының алғашқы сызбасы осы шаңырақта дүниеге келген. Металлогенияның өзі Сәтбаевтың жаратылыстану ғылымына қосқан үлесі ғой. Былайша, қарапайым тілмен айтқанда, жер қыртысындағы пайдалы қазбаларды бұрғылаусыз анықтау деген сөз. Әрбір топырақтың, жыныстың, қабаттың жайғасу ретін ғылыми болжам жасап білу. Бұл – көрмей білу ғой.

1969 жылы академиктің туғанына 70 жыл толуына орай мұражай болып ашылған үй бүгінде қарсақбайлықтар үшін қастерлі орынға айналған. Мұнда 3 мыңнан астам жәдігер бар. Оның 2800-і – түпнұсқа. Ғалымның киген киімдері, күнделікті тұтынған заттары сақталған.

Сәтбаев тұрған үйдің бір жағы оның жұмыс кабинеті болған. Қаныш Имантайұлының қазақ геологиясына қатысты тың жаңалықтарының бәрі осы кішкентай ғана бөлмеде дүниеге келген. Сол шақтардың куәсіндей болған жұмыс үстелі, пайдаланған оқулықтары мен қылқаламына дейін сол күйінде сақталған.

Зейпін Қазанбаева, музей директоры:

- Ерекше құндылықтардың ішінде мынау геологтардың сызба үстелі. Геологтар кезек-кезек жұмыс істеген екен осында. Таисия Алексеевна Кошкина апайымыздың естелігінде айтады: «Таңертеңнен кешке дейін конторда, олар үйдің мына жартысында тұрды ғой, конторда геологтар сызба үстелінде жұмыс істейді, кешке қарай мен оны нан жаятын тақтай ретінде пайдаланам» дейді.

Мұражай экспонаттары мазмұны жағынан ерекше бағалы. Ғалымның маңдай тері сіңіп, қолының табы қалған жәдігерлердің уақыт өткен сайын құндылығы арта берері сөзсіз. Қазірдің өзінде шалғайдағы қараша үйді алыстан іздеп келіп тамашалайтын адам көп. 

Дүйсенбай Бәрекенов, музейдің бас қор сақтаушысы:

- Сырттан келушілер көп бұл жерге. Айына 20 шақты адам келіп тұрады. 100 жылға таянды іші-сыртына жөндеу керек. Осы 2024 жылдың жоспарында бар. Алла қаласа, сол жөндеп берсе, жақсылап ұстаймыз әлде де.

Музей қызметкерлері қордағы кейбір экспонаттарға реставрация жасап жатыр. Соның бірі – Қаныш Имантайұлының бильярд үстелі. Жақында қайта жаңғыртылып, үйдің ауласына қойылады.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, «24.KZ», Ұлытау облысы