«Ерке сылқым» күйінің авторы өмірден озды

Белгілі күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдімомын Желдібаев 90 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Мемлекет басшысы композитордың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты. «Әбдімомын Желдібайұлы киелі күй өнерінің көкжиегін кеңейткен дарын иесі, ұлағатты ұстаз болды. Бар саналы ғұмырын төл мұрамызды насихаттауға арнап, еліміздің мәдениеті мен руханиятын дамытуға айрықша еңбек сіңірді. «Ерке сылқым» сияқты өміршең күйлерімен жұртшылықтың ықыласына бөленді. Өнегелі өмір сүріп, соңына музыкалық мол мұра қалдырған Әбдімомын Желдібайұлының жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – деп жазылған жеделхатта.

Тарихты күймен тәпсірлеп, танымды жырмен тасқындатқан тұлғаның бірі – Әбдімомын Желдібаев. Елге еңбегі сіңген біртуар тұлға, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері. Композитор Жамбыл облысы Шу ауданында дүниеге келген. Ол өскен өңірін күмбірлеген күйіне қосып жырлаған.

Анар Мұздаханова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Әскерден кейін консерваторияға түскен бұл кісі. Құбыш Мұхитовтың класс домбырасына түседі. Соны бітіргеннен кейін Жамбыл облысына барып, Шу еліне барып қызмет жасайды, мәдениет үйінде директор болады. Сол жерде оркестр құрады. Өз ауылының өнерін көтереді. Ең бірінші домбыра үйірмесін ашады. Консерваторияда жүргенде ақырындап күй шығарады. Нұрғиса Тілендиевке көрсетеді біраз күйлерін. Әсет Бейсеуовпен бірге оқыған екен бұл кісі.

Белгілі композитор Шу аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі де болып қызмет етті. «Шу еркесі» халық аспаптар ансамбліне де жетекшілік етіп, талай шәкірт тәрбиеледі.

Нұркен Әшіров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Атамыздың алдына барып, өзіміздің күйлерімізді көрсетіп, сіздің жолыңызды жалғап жатырмыз деген кезде әр күйімді тыңдап, өз пікірін айтып, бағытын айтып, жөн сілтейтін. Батасын беріп, әр күйге өзінің мінездемесін, қалай еститінін, қалай көретінін, ол кісі өзінің бағасын беріп отыратын. Жиі сол қазақ мәдениеті тақырыбында әңгімелесетінбіз.

Күйшінің шоқтығы биік шығармаларының бірі – «Ерке сылқым». Әлемнің талай сахнасында шырқалған әйгілі күй. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Әбдімомынның «Ерке сылқымы» – қазақ өнерінің алтын қорында мәңгі сақталатын қанатты туынды», – деп жоғары баға берген еді.

Анар Мұздаханова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- «Мен орташа домбырашы болдым», – дейді өзі ол. Бірақ күйлері, өздеріңіз білгендей, «Ерке сылқымы» қандай керемет. Қандай күйге қазір ескерткіш қойып жатыр?! Тек қана автордың өзіне қояды. Ал Жамбылда «Ерке сылқымның» өзіне ескерткіш қойылды. Сондықтан алда да ол кісінің өзі өмірден кеткенімен де, ол кісінің өнері өлмейді. «Ерке сылқым» өмір бақи ғасырдан ғасырға жетеді деп ойлаймын.

Дәулескер күйші саналы ғұмырында өскелең ұрпаққа ұлттық өнерімізді дәріптеді. Адал еңбегімен халықтың құрметіне бөленіп, артында өшпес із қалдырды.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Мұхаммед Әли Тілдабаев.