Жамбыл облысының өнерпаздары Корея жұртын тамсандырды
Волонтерлер еліміздегі тарихи-мәдени нысандар мен ескерткіштерді сақтауға атсалысады.
Семейде сәуірдің 19-ы мен 20-ы аралығы "Мәдени мұра-халық қазынасы" атты республикалық форум өтеді. Басқосуда волонтерлер елдегі мәдени ескерткіштердің жай-күйін талқылап, қалпына келтіру бойынша тәжірибе бөліседі. Бұдан соң 2 мыңнан аса ерікті ел аумағындағы жәдігерлерді қорғау мен күтіп-ұстауға жұмылады. Іс-шараның мақсаты - тарихтың куәсіндей осынау бай мұраны бүгінгі ұрпаққа таныстыру әрі аманаттау, дейді ұйымдастырушылар.
Алматылық «Шам» театры қойылымнан түскен қаржының бір бөлігін тасқыннан зардап шеккен Жайық жұртына аударды. Ұжым Орал қаласына "номер 37" драмасымен екі күнге гастрольдік сапармен барған болатын. Өнерімен елдің еңсесін көтеруге тырысқан труппа осылайша қайырымдылық жаршысы атанды. "Біздің аз күнгі сапарымыз сіздерге қуаныш пен жағымды эмоциялар сыйлады деген үмітттеміз. Гастролдік сапардан түскен қаржының бір бөлігін су тасқынынан зардап шеккен азаматттарға көмектесу үшін қайырымдылыққа қалдыруды шештік", - делінген театрдың әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оңтүстік Кореяда қазақ әндері әуеледі. Пусан және Кимэ қалаларында Жамбыл облыстық филармониясының әртістері өнер көрсетті.
Жамбыл әртістері корей сахнасында
Еліміздің Бас консулдығы және Пусан жаһандық қала қорының қолдауымен ұйымдастырылған концерт шаһардағы ірі сауда орталығының залында өтті. Жамбыл әртістерінің өнерін тамашалауға жергілікті тұрғындар мен қазақ диаспорасының өкілдері келді.
Айжан Қонарбаева, балетмейстер:
- Бұл концертке біз бір айдан аса дайындалдық. Арнайы корей өлендерін жаздық, арнайы корей биін қойдық. Ең қиыны бізге мен енді балетмейстер болғаннан кейін ең қиыны музыка таңдау. Себебі біз музыкадан қателеспеу керекпіз.
Сон Хи Сын, "Пусан жаһандық қала" қорының өкілі:
- Пусан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық артып келеді. 2022 жылдан бері біз Алматымен бірлесіп көптеген іс-шара өткіздік. Бір қызығы, қазақстандықтар корей әндерін біледі екен. Пусанда да жергілікті жұрт қазақтың ән-күйімен осылай таныс болса жақсы болар еді.
Кеште «Айша бибі» би ансамблі корей халықының биін билеп, жұртты тәнті етті. Ал әнші Әсем Әбдуалиева мен Мәдина Бердиярова танымал корей саздарын орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Ким Ён Гын, Пусан қаласының тұрғыны:
- Біз Қазақстан туралы естігенбіз. Бүгін қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрі туралы көбірек танып біліп, еліңізді барып көрсек пе деген құштарлық пайда болды.
Биыл Пусан мен Қазақстан қалалары арасындағы мәдени алмасу аясында бірнеше іс-шара жоспарланған. Алматыда корей өнерпаздарының концерті болады. Ал Пусанда қазақ киносының апталығы өтеді.
Владислав Цой, Ольга Лян