Ілияс Жансүгіровтің жыр жинағы жарық көрді
Талдықорғанда қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіровтің «Өтірік өлең» деп аталатын жыр жинағы жарыққа шықты.
Сонымен қатар Алаш қайраткері жайлы қазақ, орыс тіліндегі монографиялар топтастырылып, ақынның ұлы Саят Ілиясовтың естеліктері жинақталған кітаптың тұсаукесері өтті. Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық ғылыми тәжірибелік конференцияда ғалымдар алаш арысының өмірі мен шығармашылығына тоқталды. Ілиястанушылар поэзия, проза, драматургияда қалам тербеген тау тұлғаның мол мұрасы Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан және Орынбор қалаларындағы мұрағаттарда жатқандықтан әлі күнге толық зерттелмегенін атап өтті.
Мұратбек Иманғазиев, ілиястанушы:
- Ілияс Жансүгіров 1926 жылы «Өтірік өлең» жинағын жазған. Араб қарпімен жазылған жинақты жарыққа шығарған. Кейіннен ақсулық азамат кириллица әрпіне аударып қолымызға тапсырған болатын. Соны І.Жансүгіровтің 130 жылдығына орай шығардық. Екі үлкен монография, т.б. еңбектердің барлығы осы ілиястануда үлкен тың дүние болатын шығар деп ойлаймын.