Астанада тарихи кітаптар топтамасы ұсынылды
Төл тарихымызға тереңінен бойлайтын кітаптар топтамасы. Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада жазушы, ғалым Дархан Қыдырәлінің «Мұстафа», «Абыздар аманаты», «Тамыр», «Нүкте философиясы» және қырғыз тілінде басылған «Ташқа жазылған тарых» атты туындылары көпшіліктің назарына ұсынылды, деп хабарлайды 24KZ.
Іс-шараға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты. Жоғары палата спикері жарыққа шыққан еңбектердің ұлттық бірегейлігімізді сақтауда зор үлес қосатынын айтты. Бұл – әсіресе Қазақстанның жаңа тарихи көптомдығы жазылып жатқан кезеңде аса маңызды іс.
Әділ Ахметов, мемлекет және қоғам қайраткері:
- Бүгін Дархан бауырымыздың «Тамыр» деген кітабы, аты затына сай тамыр деп жатқангы анау ертедегі ғұн заманындағы, сақ заманындағы, скиф заманындағы ұлы мемлекеттердің, 2 мың жылға үзіліссіз созылған мемлекеттердің тарихына көз жіберіп отыр. Сілтеме жасап отыр. Міне, өзіміздің тарихымызға соншалықты терең үңіліп, үңіліп қана қоймай, оны қағазға түсіріп, қағазға түсіріп қана қоймай, оны кітаптарға түсіріп, таратуы – бұл үлкен қуанатын жайт.