Испаниядағы қара шаңырақ
"Испания астанасы Мадридте бір үйім бар" десеңіз болады. Себебі кәрі құрлықтағы осы елде елшілікпен қатар мәдени орталық та жұмыс істейді.
Қазақтардан бөлек, Димаштың жанкүйерлері мен қазақ мәдениетіне қызыққан өзге де жұрт осында жиі келіп тұрады.
Пиреней түбегінде екі жылдан бері «Casa Kazaja» - «Қазақ үйі» ұйымы төл мәдениетімізді дәріптеп, қазақ тілін оқытып келеді. Оны ашқан – Атыраудың тумасы Жаннат Нұрбаева. Испанияға 26 жыл бұрын көшіп кеткен отандасымыз орталықтың бой көтеруіне сондағы қазақтардың бірлігі сеп болды дейді.
Жаннат Нұрбаева, "Қазақ үйі" ұйымының президенті:
- Балаларымыз үшін, тілімізді сақтау үшін, сосын коронавирус кезінде біраз қиыншылық көрдік. Көп адамдар жұмыссыз, қаражатсыз, сондай қиын жағдайға ұшырағанда, бірігуіміз керектігін, бір-бірімізге көмектесуіміз керектігін түсіндік. Сол жағдай бізге өте көмектесті.
Испаниядағы консулдық есепте 3000-нан аса қазақстандық тіркелген. Оның дені отбасылы азаматтар. Балалары испанша cөйлеп, ана тілін ұмыта бастаған соң, осындай ұйымның қажеттілігі айқын байқалды. Соған алаңдаған отандастарымыз "Қазақ үйі" орталығының төңірегінде топтаса бастады. Түрлі мәдени шараларды өткізуді дәстүрге айналдырды. Мәселен, испандықтармен бірге ұлттық тағам кештерін ұйымдастырып, Наурыз сияқты мерекелерде жиі бас қосып тұрады. Жиынға қалмай келетіндер қатарында кезінде Қазақстаннан бала асырап алған испан отбасылары да бар.
Динара Шангерей, "Қазақ үйі" ұйымының вице-президенті:
- Испандықтардың бір жақсы қасиеті бар. Балалар асырап алғанда испанша тәрбие береді, бірақ шыққан жеріңді ұмытпа, қазақ екеніңді ұмытпа деп тұрады. Қандай мәдени шаралар бар, қандай мәдени концерттер бар, қай жерде қандай жиын бар, қазақ десе құлақтары елең ете қалады. Сол балаларды қалдырмай, қазақша сөйлей алмаса да, бірақ қазақтың тілінің үнін есті, қазақтың дастарқанынан ауыз ти деп балаларын үйретіп отырады.
Сондай ата-аналардың бірі – журналист Йоланда Гарсия. Ол 17 жыл бұрын Луис Ақылбекті 11 айлығында Ақтаудан асырап алған.
Йоланда Гарсия, тұрғын:
- «Қазақ үйі» орталығының маңызы біз үшін жоғары. Себебі балам Луис Ақылбек шыққан тегін ұмытпауы керек. Сондай-ақ осы орталық арқылы сіздердің салт-дәстүрлеріңізбен етене танысып жатырмыз. Испаниядағы қазақтардың қай уақытта басқосу өткізетінен және Қазақстаннан асырап алынған балалар жайлы да осы ұйымнан естіп білеміз. Әр жолы жаңа дүние үйреніп қайтамыз. Қазақтардың үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін мінезіне тәнтімін. Еуропада бұл қасиет жоғалып бара жатыр.
Жергілікті халық қазақтың қолөнеріне де зор қызығушылықпен қарайды. Мұны ескерген "Қазақ үйі" орталығы Әбілхан Қастеевтің немересі Дәурен Қастеев пен суретші Толқын Сақбаеваның туындыларының Испаниядағы беделді көрмелерге қойылуына атсалысты. Қазақ оюлары, ұлттық киім мен әшекей-бұйымдары бойынша да шеберлік сабақтары өткізіліп тұрады. Төл ойынымыз тоғызқұмалақ үйірмесіне де қатысатындар қатары көп. Тіпті испандықтар болып команда жасақтап, Алматыда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 3-орын алып үлгерген.
Александра Амиго Жаворонкова, тоғызқұмалақшы:
- Тоғызқұмалақпен Жаннат ханымның арқасында таныстым. Ойын мені бірден қызықтырып әкетті. Әрі сол арқылы Қазақстан жайлы біле бастадым. Тоғызқұмалақ тез ойланып, барынша ұтымды шешім қабылдауға баулитын ерекше ойын. Сондай-ақ қарсыласыңызды зерттеп, бірнеше жүріс бұрын ойлап, жеңіске жақын бола түсесіз.
Енді Александра сынды қазақтың ұттық ойынына қызығушылардың қатары арта түспек. Себебі Испанияда тұңғыш рет тоғызқұмалақ федерациясы құрылғалы жатыр. Оған қоса асық ату, қазақ күресі, гір көтеру бойынша да мықтылар іріктеліп, биыл Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатыспақ.
Ердана Ержанұлы, Жандос Битабаров, 24.KZ