Археология. Қазақ даласын кімдер қазып жатыр?
Елімізде 25 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысаны бар. Оның тең жарымына жуығы республикалық және жергілікті маңызы бар ескерткіш мәртебесіне ие.
Бұған қоса, жыл сайын археологиялық қазба кезінде түрлі жәдігер табылып жатады. Бірақ мемлекет тарихынан сыр шертетін мұраны тіркеп, тізбектейтін бірыңғай тізім жоқ. Археологтардың бұл уәжі қаншалықты орынды?
Археологиялық қазба жұмыстарымен тек білікті маманы бар мекеме ғана айналысады. Ол үшін Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы лицензиясын алуға тиіс. Бүгінде ел бойынша 59 ұйым құзырлы органның рұқсатымен қазба жұмыстарын жүргізеді. Дегенмен жүргізілген жұмыстың нәтижесі жайлы қандай да мәлімет табу қиын, дейді тарихшы Айдын Жүнісханов.
Айдын Жүнісханов, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ақпараттық баспа бөлімінің меңгерушісі:
- Заңдық нормалардың ішінде бірінші нәрсе, заңға кез келген мекеме археологиялық қазба жұмыстарын жүргізгеннен кейін лицензиясы бар мекеме ол міндетті түрде археологиялық есеп тапсыру керек, археологиялық есеппен бірге қосымша ретінде табылған жәдігерлердің тізімін беру керек. Тізімі археология институты бола ма, археологиялық институтынан бөлек тағы ұлттық археологиялық комиссия бола ма, соған тапсырып, сол ұйым жетекші мекеме ретінде осының бәрін бақылап жүргізіп отыру керек.
Негізі, қазба кезінде табылған жәдігерлер тізімі Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығына жіберіледі. Бұдан бөлек, Мәдениет және ақпарат министрлігінің тиісті комитетіне есеп ретінде тапсырылады, дейді құзырлы орган өкілі.
Жанат Сейдалиева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитеті тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы:
- Археологиялық жұмыстар біткеннен кейін археология жүргізген ұйым оның коллекциясын құрады. Сөйтіп сол тізбені жаңағы аталған заңның 34-бабына сәйкес Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдайды. Ол жолданған тізбе министрлік жанындағы комиссиямен қаралады. Комиссия қараған соң, археологиялық қазба кезінде табылған олжалар мемлекеттік музейлерге таратылады.
Әрине, қазба кезінде табылған әрбір тас, әрбір құмыра сынығы ұлттық музейге табыстала бермейді. Жалпақ жұртқа көрсетуге тұрарлық, құнды деген дүние ғана комиссия шешімімен табысталады. Ал қалғаны не аймақтардағы өлкетану музейлерінің иелігінде қалады немесе жергілікті мәдениет басқармасына қарасты инспекцияға тапсырылады. Осы ретте, археолог-тарихшылар жүйелі жұмыстың жоғына налиды.
Сырым Есенов, тарихшы-археолог:
- Мысалға Павлодар облысында ресми инспекция жоқ, тағы бір-екеуі бар, есіме түспей тұр, кейбір облыстарда бар болғанның өзінде бір-екі штатымен формальды түрде жұмыс істеп тұрған осындай ескерткіштерді қорғауға арналған мекемесі бар. Енді олардың да жұмысы әлсіз. Жергілікті жер болғаннан кейін жалақы аз, екіншіден штат аз, үшіншіден олардың астында көлігі жоқ. Яғни жүйесіз жұмыс жүргізілгеннен кейін олар ескерткішке қарай ма, жоқ әлде басқа жұмыс істей ме, әйтеуір жоғарыдан келген хатқа жауап берсем болды деген механизммен жұмыс істеп жатыр.
Сонымен қатар археологиялық қазба барысында табылған жәдігерлер баршаға қолжетімді бірыңғай реестрге енгізілсе деген тілек бар. Бұл тарихты зерттеушілердің жұмысын едәуір жеңілдетер еді.
Жанат Сейдалиева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитеті тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы:
- Қазір біз мәжіліс депутаттарымен жұмыс істеп жатырмыз. Кеше мәжіліс депутаттарынан жаңағы заңға енгізілетін өзгерістердің кестесі келіп түсті. Соның ішінде жаңағыдай ортақ база құру деген сияқты бір идея бар.
Айта кетейік, қазба жұмыстарын жүргізу мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүзеге асырылады. Ал оған жеке меншік компаниялар қол сұқса, ғылыми жұмыстарды өз деңгейінде жүргізуге кедергі келтіруі мүмкін. Археологтар осы жағы да заңның жаңа редакциясында ескерілсе дейді.
Бақыт Топтаева, Нұрғали Мамурбаев, Ақылбек Есімсейіт, 24.KZ