Түркістан облысындағы 2 ауылда мәдениет үйі ашылды
Түркістан облысы Мақтаарал ауданында екі ауылда мәдениет үйі ашылды, деп хабарлайды 24KZ.
Бұған дейін Абай мен Жайлыбаев ауылдарында мәдениет үйі болмаған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған жаңа ғимараттың ішінде кітапхана, кино залы және түрлі үйірме жұмыс істейді.
Еңбекші ауылдық округі Тәңірберген Жайлыбаев елді мекенінде бой көтерген мәдениет үйі сәуір айында іске қосылды. 2 қабатты нысанның ішінде 200 орындық концерт, 70 орындық конференция залы бар. Одан бөлек, түрлі үйірме жұмыс істейді.
Рамис Жанайдаров, Т. Жайлыбаев атындағы мәдеиет үйінің меңгерушісі:
- Қазіргі таңда мәдениет үйінде би үйірмесі және домбыра үйірмесі тұрақты жұмыс істеп келеді. Әр аптаның сейсенбі күні қазақи, заманауи киноларды балаларымызға көрсетіп келеміз. Балаларымыз киноны тамашалап, рухани азық алады.
Заманауи ғимараттың 2-ші қабатына екі кітапхана орналасқан. Бірі балаларға, екіншісі ауыл тұрғындарына арналған. Онда 15 мыңнан аса кітап қоры бар. Кітапқұмар балалар бос уақытын осында өткізеді.
Хадиша Батыр, оқушы:
- Негізінде бұрын бізде кітапхана болған жоқ. Біз көбінесе мектептен алып кітап оқитынбыз. Қазіргі таңда осы мәдениет үйіне келіп, кітап оқимыз. Ертегілер, романдар, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев сияқты өзіміздің ағартушылардың кітаптары өте көп.
Сонымен қатар мұнда ауыл ақсақалдарына да орын бар. Үлкендер аптасына 2 рет жиналады. Елдің жайын, малдың қоңын, егістің шығымын талқылайды. Ал әжелер салт-дәстүрді дәріптеп, түрлі сайыстарға дайындалады.
Зулфыхар Қалжанов, ауыл тұрғыны:
- Мәдениет үйін құрып берді. Бұған мың да бір шүкіршілік қыламыз. Демалатын жері, барлығы бар. Егеменді елдің өсіп-өнуіне зор үлес қосып жатыр. Ел риза, Алла риза, рақмет.
Гүлнар Рысымбетова, ауылдық әжелер клубының жетекшісі:
- Қазіргі таңда ауданымызда өтетін сайыстарға әжелерді дайындап жатырмыз. Күнде осы мәдениет үйіндеміз. Сұхбаттасамыз, кітапханаға барып, бір-бірімізге сұрақ-жауап қойып, дайындалып жатырмыз. Ауыл тұрғындары көңілді. Әсте-әсте біздің Еңбекші ауылы жақсарып келе жатыр. Бұдан да жақсы болады деген үміттеміз.
Мәдениет үйін салуға «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 429 млн теңге қаражат жұмсалды. 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жалпы ауданда 8 мәдениет үйі бар. Жауаптылар биыл Алғабас елді мекенінде күрделі жөндеуден өтіп жатқан тағы бір нысан пайдалануға берілетінін айтады.
Серғазы Байдуллаев, аудандық мәдениет үйінің басшысы:
- Достық ауылдық округі Қалшораев елді мекенінде және Мынау Нұрлыбаев елді мекенінде мәдениет үйін салу жоспарланып отыр. Мәдениет үйі жоқ ауылдар бар. Әлі 3 ауыл бар. Жоспарланған 2 ауылдан бөлек. Сол 3 ауылға да салынса, барлығы түгел болады.
Жалпы Түркістан облысында 825 елдімекен болса, соның 264-і мәдениет үйімен қамтылған. Былтыр «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы аясында 13 нысан тапсырылса, биыл 6 ауылда мәдениет үйі пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов.