Ұлыбританияда ұлықталған ұлттық киім
Лондонда 17 елдің салт-дәстүрі мен мәдениетін паш еткен іс-шара өтті.
Шетелдік көрермен қазақтың ұлттық киімдерін де көрді. Көрсетілімге Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі және “Қазфэшн Париж” француз қауымдастығының қолдауымен ақтөбелік дизайнер де қатысты.
Cабина Наурызалинаның ұлттық киім тігумен айналысып келе жатқанына 15 жылға жуықтады. Өз өнімдерін 2 шабаданға салып, Ақтөбеден Лондонға жалғыз келген. Әшекей бұйымдары мен сәнді сөмкелерін қоса есептегенде қолмен кестелеп тігілген әр көйлегінің салмағы әжептәуір. Қалыңдық сәукелесінің өзі 6 келі тартады. Шетелдік көрерменге ұсынған топтамасы “Наурыз” деп аталады.
Ұлттық киімдерден бөлек күнделікті өмірде киюге арналған сәнді көйлектері де бар.
Сабина Наурызалина, дизайнер:
- Батыс Қазақстандағы ұлттық киімдердің басты ерекшелігі, әлбетте, оюларында. Гүл формасындағы суреттер көптеп кездеседі. Қанық қою түстер де ерекше әр беріп тұр. Әр костюмге сәйкесінше әшекей бұйымдарды да таңдадық. Қыз баланың ажарын аша түсетін сырға, өрілген бұрымның ұшын бекіту үшін тағылатын шашбауы да бар.
Әр елдің салты басқа. Қазақстаннан бөлек Еуропа, Азия, Африка елдерінің өкілдері де ұлттық киімдерін киіп, көпшілікті таң қалдыруда. Кенияның саванналарында тұратын жартылай көшпелі африкалық байырғы халықтың да айтары бар. Масаи тайпасының өкілі әшекей бұйымымыз қаншалықты көп болса, соншалықты бай екендігіндігіміз білінеді, дейді.
Кежиа Ореге, Кения республикасының өкілі:
- Бұл – салтанатты шараларда, тойларда киетін киіміміз. Сіздердің де ұлттық киімдеріңіз ғажап екен! Әрбір бөлшегіне дейін керемет. Әсіресе, бас киім өте ұнады. Қазақстан туралы аз ғана білемін. Бірақ көкжиегімді кеңейткім келеді. Сіздермен танысқаныма қуаныштымын.
Көрестіліміге қатысушы мемлекеттердің географиясы әралуан. Босния және Герцеговина, Чехия республикасы, Мексика, Кувейт, Үндістан – барлығы 17 ел. Әрқайсысы өз ұлтының мәдениетін паш етуге тырысып бағуда. Өйткені жаһандану заманында бірегейлікті сақтап, ұлт құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу маңызды, дейді олар. Сахнаға қазақтың қыз-келіншектері үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек киіп шыққанда көрермен толассыз қошемет көрсетті.
Тайво Мегоума, сән сарапшысы:
- Бұл – Лондон. Әралуандылықтың салтанат құратын қаласы. Түрлі мәдениеттердің тоғысатын жері. Біздің қазақ халқынан, Қазақстаннан үйренеріміз көп екен. Ұлттық киімдеріңізді әлем астанасында көрсете отырып, елдеріңізге саяхатттауға деген қызығушылығымызды ояттыңыздар. Мен өте ерекше әсерге бөлендім.
Іс-шараның ұйымдастырушысы “Лондонның жас дипломаттары” атты еріктілерден құралған топ. Олар 20 жылдан астам уақыттан бері халықаралық ұйымдардағы жас қызметкерлерді біріктіріп, қоғамдық маңызы бар басқосулар өткізіп келеді. Бүгінгі көрсетілімінің қайырымдылық мақсаты да бар.
Унро Джанчив, ұйымдастырушы:
- Іс-шарадан түскен ақша екі қайырымдылық ұйымының есеп-шотына аударылады. Дүкендерден артылған тағамдарды тұрмысы төмен отбасыларға таратумен айналысатын мекемеге және Суданда аштық пен кедейшіліктің зардабын шегіп жатқан балаларға көмектесетін ұйымға жібереміз.
Үзіліс кезінде қайырымдылық жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Әр ел қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдарын сатып, түскен қаражатты қайырымдылыққа аударды. Іс-шара биыл бірінші рет өткізіліп отыр. Болашақта оны жыл сайын ұйымдастыру жоспарланған.
Ғалымжан Қараманұлы, 24.KZ, Ұлыбритания