Күрішпен картина салатын суретші
Ақмаржанымен әйгілі Сырдағы ел-жұрт күріш өсіріп қана қоймай, күріштің бетіне сурет те салады.
Қызылордада бейнелеу өнерін жаңа қырынан дамытып жүрген шебер тұрады. Тыңнан түрен салып жүрген Дулат Айтбаев есімді азамат. Оның қолынан шыққан туындыларға шетелдіктердің де қызығушылығы жоғары.
Дулат Айтбаев 20 жылдан бері қылқаламмен дос. Суретшілік дарыны әке қанымен дарыған. Майлы бояумен табиғатты шабыттана суреттеген әсершіл бозбала өсе келе күрішпен жұмыс істеуді үйренеді. Тың әрі күрделі тәсіл. Дегенмен табандылығының арқасында қол жаттығып, түрлі портрет, пейзаждар сала бастайды. Әуелі жұқа ағашқа желім жағып, бетіне күріш сеуіп, біртіндеп отырып жабыстырады. Кейін оқтаумен қамыр илегендей күрішті тегістеп шығады. Әбден кепкеннен кейін барып, сурет салуға кіріседі.
Дулат Айтбаев, суретші:
- Қазір Қытай мемлекеті осы жұмыстарға қызығып, жылқының суретін салуға тапсырыс берді. 50 дана әтүрлі аттың шауып бара жатқанын 3-12 әртүрлі аттың бейнелерін. Сіздерде өнер дамыған. Күрішпен салған аттарды қай жаққа жібердіңіздер деп сұрап ем. Бұлар Арабтарға жібереміз подарка жасаймыз дейді. Сөйтіп жұмысымды алып кетті.
Тек Қытай ғана емес, Ресейден де аттай қалап, сурет салғызатындар бар. Алайда зейнетінен бейнеті басым бұл өнер бап пен уақытты талап етеді. Саусақ қажалып, көз майы таусылады. Кейде тіпті шеберханадан апталап шықпайтын кездер болады, дейді кейіпкеріміз. Ал сурет салуға Сырдың күріші жарамайтын көрінеді. Сондықтан шеттен келетін күріштерді сұрыптап, кәдеге жаратады.
Дулат Айтбаев, суретші:
- 1 келі күріш кетеді. Көлеміне байланысты. Бұған Сыр елінің күріштері келмейді. Сырттан келген күріштер бар, дәмсіз, тамаққа келмейді, сол стеклянный күрішті пайдаланамын. Обал болмасын деп. Кенептің беті тегіс болады, күріш шұқыр-шұқыр, тесік, беті бұжыр, шұқып отырып, светті қойып отырып саламыз, мұның қиыншығы сонда.
Мыңға жуық портрет, елу дана тарихи тақырыптағы туынды. Шебер осы мұраларын ел-жұртқа паш етіп, көрме өткізсем дейді. Ал ең басты арманы – шәкірт тәрбиелеп, cирек өнерді кейінгілерді үйрету.
Назерке Тоқжан, 24.KZ