Ташкенттегі фестивальде қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды

Ташкентте шет мемлекеттердің дипломатиялық миссия өкілдіктері арасында мәдени дәстүр мен ұлттық тағамдардың ХХ фестивалі өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Ауқымды шараға Қазақстан тарапы да қатысты. Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері мен араб мемлекеттерінің ұлттық тағамдары әзірленіп, дайындалу жолдары көрсетілді. Келушілер арасында қазақтың ет тағамына ерекше қызығушылық байқалды. Дәм татқандар оның бірегейлігі мен ерекшелігін атап өтіп, жоғары баға берді. Фестивальде халқымыздың ұлттық музыкасы мен киім кию және әшекей бұйымдарын тағу дәстүрі де таныстырылды.

Айта кетейік, дәмді тағамдар көпшілікке ақылы негізде ұсынылды. Одан түскен қаржы қайырымдылық қорына аударылады. Food фестивальдің соңы шетелдік және жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Нүриза Қабылова, Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінің өкілі:

- Барлығы – Қазақстанда шығарылған өнімдер. Адамдар қызығып, рецепттерін сұрап, әсіресе қазының. Дәмін мақтап, бәрі сүйсініп жеп жатыр.

Ерболат Мұстафаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- 36 адам боп келдік. Арамызда биші, тарихшылар бар. Әйтеке бидің 380 жылдығын тойлауға келдік. Сол жерде кесенесіне бардық. Сосын осы жерде фестиваль болады дегесін арнайы соғып, қазақтың өнерін көрсеткіміз келді.