Лондонда мәдениет апталығы өтіп жатыр

Ұлттық құндылықтар ұлықталатын шараға Ұлыбританиядағы Қазақ орталығының өкілдері де қатысты, деп хабарлайды 24KZ.

Олар «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты қойылым қойып, шетелдіктерді салт-дәстүрлерімізбен таныстырды.

Лондоннан бесік табу қиын. Дүкенде сатылмайды. Елден алдыруға уақыт тығыз. Жергілікті қазақтар оны қолда бар дүниелерден жасапты. Дей тұрғанымен бай тарихымыз бен мәдениетімізді шетелдіктерге тереңінен түсіндіру идеясы сәтті жүзеге асқандай. Бұл күні бесікке салу дәстүрінен бөлек, тұсау кесу рәсімі де өткізілді. Әр қуанышты сәт сайын шашу шашылды. 

Гүлзада Хасанова, Орал қаласының тұрғыны:

- Мен осы жаққа қыдырып келдім. Осы Ұлыбританияда қызым, күйеу балам, 2 жиенім тұрады. Ұрпақ жалғасын тапқан үлкен әженің рөлін ойнадым. Шашуымды шаштым. Әуелі олар бір тіксініп қалды да, содан дәм екенін, оның тәтті екенін көріп, түсіністікпен қарап, жерге еңкейіп алды.

Шетелдіктер үшін бәрі таңсық, бәрі қызық. Асық атып ойнап жатқан балалар, ұлттық нақышта киінген қазақ жастары оларды сүйсінтпей қоймады. Жүргізуші барлығын ағылшын тілінде түсіндіріп отырды. Жаңа түскен келіннің беташар жоралғысы жиналғандардың ерекше қызығушылығын оятты. Кейбірі тіпті өз елінің салт-дәстүрлерімен ұқсастықтар тауып, таң-тамаша болды.

Джорокий Камувете, Намибия азаматы:

- Бізде де жаңа түскен келіннің беті жабылады. Оның жүзі ешкімге көрсетілмейді. Бұдан бөлек, бізде де қариялар батасын беріп, сыйлықтар таратады. Мен ерекше әсер алдым. Маған қатты ұнады.

Маделин Хагган, Ұлыбритания азаматы:

- Өмірдің әрбір кезеңінде киімдер де жас ерекшелігіне қарай өзгеріп отыратыны қызықтырды. Қарт адамдарға сый-құрмет молынан көрсетіледі екен. Олардың жасы мен өмірлік тәжірибесі ерекше бағаланатыны қуантты. 

Осы іс-шара үшін қазақстандық этнографтар, тігіншілер мен қолөнершілер өз өнімдерін ұсынған. Кимешектер мен жаулықтар, ұлттық нақышта жасалған әшекей бұйымдар, үстел төсеніштері мен таза былғарыдан тігілген сөмкелер арнайы ұйымдастырылған жәрмеңкеде сатылды. 

Мұхаммед Мұсабеков, Қазақ орталығының мүшесі:

- Бұл – өзіміздің қазақи ою-өрнек бейнеленген сөмке. Ағылшындардың немесе басқа ұлттардың аса қызығушылығын тудырады бұл сөмке. Бағасы өте қолжетімді. Яғни, бұл сөмкенің бірнеше нұсқасын біз бүгін сатып үлгердік. 

Апталық сән арқылы мәдени мұраларды паш етуге мүмкіндік беретін бірден-бір шара. Қазақстаннан бөлек, Доминикан, Жапония, Маврикий және басқа да мемлекет өкілдері өздеріне тән болмысы мен даралығын көрсетіп, елдерін насихаттауға тырысты. Сауда орталығында ұйымдастырылған көрсетілім мыңдаған көрерменнің назарын аударды. 

Шабаз Грэм, ұйымдастырушы:

- Кез келген ұлттың мәдениеті ерекше. Мысалы, мен бүгінге дейін қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы білмейтін едім. Іс-шараның арқасында көп ақпарат алдым. Мәдениет апталығы ұлттық құндылықтарды жарқыратып көрсетуге арналған тиімді платформа деп ойлаймын. 

Тұманды Альбион – көпұлтты ел. Мұнда ағылшын, шотланд, уэльс және ирланд халқынан бөлек, иммигранттардың ұрпақтары береке мен бірлікте өмір сүреді. Адамдарды нәсіліне қарай алалау заңмен қудаланады. Әралуандылыққа ерекше мән беріледі. Жергілікті халыққа ұлттық құндылықтарын насихаттауға мемлекет тарапынан қолдау білдіріледі.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.