АҚШ-та азиат американдықтардың мәдени мұрасына арналған айлық өтіп жатыр

АҚШ астанасында Азиялық америкалықтар мұрасының мәдени іс-шаралар айлығы өтіп жатыр.

Осыған орай еліміздің АҚШ-тағы елшілігінде Global Music Partnership-тің бастамасымен ерікті жастардан құралған оркестр өнер көрсетті. Мәдениетаралық диалог алаңына айналған концертте қазақтың халық әндері шырқалды. 

Бұл оркестрдің ерекшелігі - өнерпаздардың барлығы кәсіби музыканттар емес, ерікті жастар. Болашақта дәрігер, инженер немесе заңгер болғысы келетін дарынды оқушыларды музыка мен өнерге деген махаббат байланыстырған дейді көркемдік жетекші Владимир Де. Өнерпаз жастардың дені  АҚШ Президенттік еріктілер ұйымының мүшелері. Тегін мәдени іс-шараларға қатысып, қоғам өміріне атсалысып келеді.

Владимир Дё, Global Music Partnership көркемдік жетекшісі:

- Бүгін біздің репертуарымызда қазақтың халық әндері бар. Біз Япурай, Дударай, Назқоңырды орындаймыз, ал қазақстандық жас солисіміз Брусиловскийдің Бозайғырын шырқайды. Жалпы көп жерлерде Қазақстан музыкасын насихаттаймыз. Көптеген өнерпаздарымыз біздің АҚШ-тағы жобаларымызға үлес қосуда, сонымен қатар былтыр Оңтүстік Корея, Швейцарияда өнер фестивальдеріне қатысып, ол жерде де қазақ әндерін әлемге танытты.

Қазақстандық жас музыкант Аруай Жүсіп қазақтың кең даласымен көсіле шауып келе жатқан аттың бейнесін скрипкамен әдемі жеткізіп, жиналған өнерсүйер қауымның құлақ құрышын қандырды. 

Аруай Жүсіп, өнерпаз:

- 6 жастан бастап скрипкада ойнаймын. Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық мектеп интернатында оқып, алдыңғы жылы жақсы бітірдім. Осы Вашингтонда қазір университетке түсейін деп жатырмын. Мен өте қуаныштымын осы қазақ өлеңдерін басқа ұлттармен бірге бірігіп ойнайтыныма. 

Түрлі ұлттар арасында бейбітшілік пен ынтымақты нығайтуда музыканың орны ерекше. Кешке жиналғандар корей, жапон, қытай музыкасын тыңдап тәнті болды.

Зарина Әлім, көрермен:

- Біздің Қазақстанның елшілігінде осындай әдемі мәдени кеш болып жатыр, сондықтан біз мамаммен келдік. Өте ризамыз, сондай мәдени шаралар болса біз ылғи келуге тырысамыз. Мен ойлаймын музыка ол адамдарды байланыстырады және өте пайдалы. 

Гүлжан Досымбекова, көрермен:

- Мен осында Қазақстаннан қызыма келіп отырмын. Америкада қазақ әндерін естігеніме өте қуаныштымын.

Азия елдері мен қазақ әндерінің қазынасына қаныққан АҚШ тыңдармандары осындай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тапса деген тілегін жеткізді. 

Айжан Сыдықова