«Гауһартас» – «Жыл қойылымы»!
Бүгін - мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні.
Талғамы биік, талабы бөлек салада қажырлы еңбек етіп жүрген барша отандастарымызды кәсіби мерекесімен құттықтаймыз. Мереке аясында Астана қалалық Музыкалық жас көрермен театрының өнерпаздары сахналаған "Гауһартас" туындысы "Жыл қойылымы" аталымын жеңіп алды.
Елімізде 70-ке жуық театр бар. Өнер ұжымдары өткен жылы 2167 қойылымды сахналап, көзі қарақты көременнің көңілінен шыға білді.
Ерекше назар аударатын жағдай – сахна саңлақтарының сапынды сақа әртістермен қатар жалынды жас буынның да үлесі артып келді. Солардың бірі – құрылғанына көп уақыт өтпесе де қалың қарашаның жүрегіне жол тапқан Музыкалық жас көрермен театры.
Ұжымда 70 әртіс өнер көрсетеді. Қазірдің өзінде қоржындарында 23 туынды бар. Театр шымылдырығы алғаш рет 2020 жылы Әуезовтің "Абай-Тоғжан" музыкалық пьессасымен түрілген. Бүгінгі күні «Гауһартас», "Қошатасқым келмейді", "Шәмші", "Шанель №5" секілді туындыларын білмейтін жұрт кемде-кем.
Асхат Маемиров, Музыкалық жас көрермен театрының директоры:
- Бір ғана Дулат Исабековтің «Гауһартас» қойылымы осы бір жылдың ішінде 100 мыңнан астам көрерменді қамтып, 200-ден астам мәрте ұсынылды және еліміздің 14 қаласында осы «Гауһартас» көрерменмен қауышты. Бұл көрерменнің ерекше бір сағынышпен қауышатын спектакліне айналды. Тіпті 10-15 рет көріп жатқан көрермен бар. Қазіргі күні «Гауһартас» біздің театрымыздың түлқұжаттына айналды деп есептесек болады.
Өнер ұжымы үлкен отбасыға да айналғанына біраз болды. Сахнадағы рөлін өмірде де сомдап жүрген жастар бар. Солардың бірі – Әлішер мен Альфия. Өнері өміріне айналған қос ғашық театрда табысып, шаңырақ көтерген. Олар секілді жұбын осы жерден тапқан 15 отбасы бар. Ақ сезімді аялап, неке қиюға уағдаласқан қыз-жігіттер де көп.
Әлішер Әлихан, Музыкалық жас көрермен театрының өнерпазы:
- Ең алғаш Шыңғыс Айтматовтың "Арманым менің, Әселім" шығармасында екеуміз басты рөлде Ілияс пен Әселдің рөлін ойнап, танысып, әрі қарай тағдыр қосып, яғни жұп болып, 2021 жылы отау құрдық. Одан кейін Алла бізге осындай періштені берді. Енді мұны да МТЮЗ театрының жас әртісі деп айтсақ болады. Спектакльде мен шыққан кезде Альфия қарап отырады, ол шығу керек кезде мен жүгіріп барып ұстаймын.
Асхат Маемиров, Музыкалық жас көрермен театрының директоры:
- Сахнада сомдап жүрген ғашықтар бейнесі олардың өздерінің де жансарайларымен үйлесім тауып, нәтижесінде осы біздің музыкалық жас көрермен театрында 15 отбасы дүниеге келді. Қала әкімдігі осы отбасыларды үймен қамтамасыз ету жағынан бізге қолдау жасап отыр. Қазіргі таңда 12 баспана алдық.
Қазақстанда қасиетті өнердің қадірін түсініп, саланың қиыншылығы мен қызығын қатар көріп жүрген 9 мыңға жуық театр қызметкері бар. Олардың тең жартысы шығармашылық иелері.
Шернияз Жалғасбекұлы, Мадияр Қындыбаев, 24.KZ