Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер сот жүйесі бойынша тәжірибе алмасты

Ыстамбұлда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы елдер сот кеңесі басшыларының кездесуі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Жиынға Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және бақылаушы мемлекеттер қатысты. Іс-шараның мақсаты – туыстас елдер арасында сот жүйесі бойынша тәжірибе алмасу жайын талқылау, ұйым аясындағы серіктестікті ілгерілету. Екі күнге жалғасатын кездесуде сот кеңесінің басшылары қорытынды декларацияға қол қояды. Шара соңында Түркия президенті Режеп Ердоған делегация өкілдерімен кездеседі деп жоспарланып отыр.

Денис Шипп, ҚР Жоғары сот кеңесінің төрағасы:

- Бүгінгі кездесу сот-құқықтық саладағы ынтымақтастық пен өзара түсіністікті тереңдетуге деген ортақ ұмтылысымызды білдіреді. Басқосуда әр елдің құқықтық жүйелерінің ерекшеліктері, жоғары сот кеңестері арасындағы қарым-қатынас қалай жұмыс істейтіні жайлы біліп, ой-пікірлерімізбен бөлістік.

Йылмаз Тунч, Түркия әділет министрі:

- Соңғы 10 жылда бауырлас елдердің сот саласында елеулі жетістіктерге қол жеткіздік. Сот кеңестері, жоғары соттар, бас прокурорлар, әділет академиялары, адвокаттар және нотариустар арасында ынтымақтастығымызды кеңейтуге бағытталған кездесулер өткіздік. Алдағы уақытта да ұйым елдері арасында серіктестікті арттыру үшін түрлі іс-шаралар өткізу ойда бар.