«Астана сазының» Париждегі алғашқы концерті аншлагпен өтті

Париж аспанында қазақтың әсем әні мен күміс күй әуеледі, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл жолы талғамы биік еуропалықтар «Астана сазы» ансамблінінің концертін тамашалап, халқымыздың бай мұрасынан сусындап қайтты.

Бұл күні Ранелаг театрында аншлаг. Келушердің барлығы «Астана сазы» ансамблінің концертін көруге жиылды. Жерлестеріміз Париж сахнасында алғаш рет өнер көрсетті.

Қазақтың төл музыкасы талғамы биік еуропалықтар үшін таңсық емес. Десе де, мұндай ерекше орындауды ешбір жерден естімегендерін айтады. Күмбірлеген күміс күйлер заманға сай жаңаша шертілді. Көрермендердің назарын ұлттық аспаптар аударды. Бұрын-соңды шертер мен даңғыраны көрмеген шетелдіктер оларды ұзақ қызықтады.

Блиц 1:

- Әсерімді айтып жеткізе алмаймын. Барлығы керемет! Басқа әлемге тап болғандай күй кештім, сондай әдемі!

Блиц 2:

- Өзімді қазақтың сары даласында жүргендей сезіндім. Кейбір сәтте құлағыма жылқылардың дүбірі естілгендей болды, тамаша!

Блиц 2:

- Мен Қазақстанда бірнеше рет болдым, бірақ бүгінгі кештен соң сіздің елге тағы барғым келіп кетті.

«Астана сазы» қазақтың бай мұрасын сақтап, қайта жаңғыртып жүр. Әу демейтін қазақ жоқ. Сол секілді ансамбль мүшелерінің барлығы дерлік ән айтады. Осы кеште Құрманғазы, Тәттімбет, Жаяу Мұса күйлері мен халық әндерін құйқылжыта шырқады.

Әнел Марабаева, «Астана сазы» ансамблінің әртісі:

- Еуропалықтарды таң қалдыру оңай емес. Сондықтан концертте барымызды салдық. Парижге жету үшін 8 сағат жол жүріп келдік, қалжырасақ та, бүгінгі кеш бәрін ұмыттырды.

Саджана Мұрзалиева, «Астана сазы» ансамблінің әртісі:

- Көрермендер бізді құшақ жая қарсы алды, концерт соңында ұзақ қол соғып, жібергісі келмеді, ал әртіске өнерге деген қошемет болса жеткілікті.

«Астана сазының» Париж сахнасындағы алғашқы қадамы құтты өтті деуге болады. Көрермендердің қошеметі соны аңғартып тұрғандай.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Руслан Өміржан