Димаштың 30 жасқа толуына орай жанкүйерлері ерекше сыйлық жасады
Малайзияда Димаш Құдайбергеннің 30 жасқа толуына орай ерекше сыйлық жасалды, деп хабарлайды 24KZ.
Музыканттың жанкүйерлері Сабах штатындағы ауылдық мектептің кітапханасын жөндеуден өткізіп, жабдықтады. «Білім оазисі» жобасына 48 адам демеушілік көрсетіп, 12 ерікті атсалысты. Кітапханада қазақстандық бұрыш ашылып, елдің географиясы, әдебиеті, тарихы туралы кітаптар қойылды. Бұл материалдарды Қазақстанның Малайзиядағы елшілігі сыйға тартты. Бұдан бөлек, балаларға оқулық кітаптар, кеңсе тауарлары мен жиһаз берілді. Малинсау мектебі қаладан 56 шақырым жерде орналасқан. Қазір бұл білім ошағында 8 ауылдан 6 мен 12 жас аралығындағы 250-ге жуық оқушы оқиды.
Адлина Шатира Зайнудин, «Білім оазисі» жобасының менеджері:
- Біз Димаш Құдайбергеннің қайырымдылық құндылықтарын құрметтеуге және жас ұрпақтың дамуы мен мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал еткіміз келеді. Мектепке сыйға тартқан кітап жабдықтарымыз оқушылардың білім-ғылымға құштарлығын арттыра түсер деген үміттеміз. Осы игі іске үлес қосқан барлық демеушілер мен серіктестерге шын жүректен алғысымызды білдіреміз.