Павлодарда көне суреттер көрмесі өтіп жатыр
Павлодарда ресейлік фотограф, этнограф Самуил Дудиннің көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
50-ге тарта суретте көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, қолөнері мен ұлттық киімі қамтылған. Фотограф өз еңбектерінде сол замандағы бай мен кедейдің арасындағы алшақтықты шебер жеткізген. Көрме Дмитрий Багаевтың 140 жылдық мерейтойына арналып отыр. Себебі екі фотограф та көшпелі халықтың өмірін зерттеген. Олар түсірген суреттер елдің шежіресіне айналып, мәдени мұра ретінде осы күнге жетті. Самуил Дудин ХІХ ғасырдың соңында Орталық Азияға сапар шеккен. Қазақ жерінде түсірілген 500 суреттің 200-ге жуығы Павлодар өңірін қамтыған.
Мұнира Тұрлыбекова, Ертіс музейі палеонтология бөлімінің маманы:
- Самуил Дудин жаңағы Ақмола, Семей, Жетісу облыстарынан бөлек, біздің Павлодар облысынан, Баянауылдан бастап Қарқаралыға дейін сапар жасаған екен. Халықтардың әдет-ғұрыптары, дәстүрі, тіршілігі барлығы қызықтырған екен. Осылардың барлығы, мінекей, антропология тұрғысынан айқын көрініс табады. Өзіме ең ұнаған суреттердің бірі – бұл қазақ келінінің ұлттық киімі, яғни сәукеле. Қалыңдық тұрмысқа шыққан кезде өте биік, әдемі сәукеле киген екен.