Үндіше «Қара жорға» биі дүниеге келді
Енді Болливуд жұлдыздары «Қара жорғаға» билей алады, деп хабарлайды 24KZ.
Құрылғанына 30 жыл толып отырған Астанадағы үнді мәдениеті орталығында осындай тың дүние пайда болған. Қазақстандағы Үндістан елшілігі жанынан ашылып, ширек ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп тұр.
Ердана Ержанұлы, тілі:
- Бұл – Свами Вивекананда атындағы үнді мәдениеті орталығының би мұғалімі Видьягаури Хемант Адкар. Қазақтың «Қара жорғасына» үндіше мың бұралып билеп жүр. Әннің әуезі мен ырғағына қызыққан хореограф өз ұлтының классикалық биіне қазақша би қимылдарын қосқан. Бірде «Қара жорғаны» ерттеп мінсе, енді бірде көк майсаға отыра қалып гүл тереді. Мың бояулы үнді мәдениетінен де сыр шертетін әрекеттерді байқауға болады. Мұндай ерекше қадамға қазақтың қазыналы төл өнері мен халықтың ыстық ықыласы себеп болған дейді.
Видьягаури Хемант Адкар, би мұғалімі:
- Өнерде экспериментке барған кезде үлкен ізденіс жасау қажет. Мысалы, «Қара жорғаны» зерттегенде жергілікті халық осы биді қалай жақсы көретінін, ән сөзінің мағынасын, қимылдың тарихын сұрастырдым. Биге қатысты көптеген видеолар көрдім. Қазақ бишілерінен біраз дүние үйрендім. Қимыл-әрекетте ұқсас жерлерді табуға тырыстым. Сосын өз мәдениетіммен байланыстырып, 1 айдың ішінде үндіше «Қара жорға» дүниеге келді. Жай ғана үнді биі бір қарағанда қиын болып көрінуі мүмкін. Бірақ сахна иесінің төл мәдениетімен өрнектелсе, көпшіліктің жүрегіне жол табатынына сенімдімін.
Бұл – Видьягаури репертуарындағы жалғыз қазақ биі емес. Жақында шәкіртімен бірге «Шашу» биіне үндіше интерпретация жасаған. 1934 жылы «Қыз Жібек» операсында алғаш орындалған биді үнді қимылдарымен тамашалау, үйлесімі мен үндесуін қызықтау көрермен болып тұрған бізді де таңғалдырды.
Үнді мәдениеті орталығында бізді аң-таң еткен жалғыз бұл емес. Бұл жақтың йога сабақтарында 73 жастағы Мушида Ғарифқызынан асатын адам жоқ көрінеді. Осында 6 жылдан бері дене шынықтырып жүрген әжей акробатикалық қимылдарымен жастарды да екі орап кететіне көзіміз жетті.
Мушида Ғарифқызы, йогамен айналысушы:
- Денім сау болсын деген ой осы жерде йогамен айналысуға мотивация береді. Таңертең 06.00-да оянып, керіліп-созылып жаттығу жасаймын, шпагатқа отырамын. Бассейнге де барамын. Тізелерім, буын-буыным еш сырқырап ауырған емес. Қанайналымым да жақсарды. Спортсыз өмір сүре алмайтын сияқтымын. Күніне 3-5 сағат айналысамын. Жастар да уақыт тауып, салауатты өмір салтын ұстанып жүрсе деймін.
Үндістан елшілігі жанынан ашылған осы орталықта Мушида әжеймен бірге өзге де елорда тұрғындары салауатты өмір салтын серік еткен. Айына екі-ақ мың теңге тұратын йога мен би сабақтарының барын естігенде сене алмай абдырап қалдық. Орталық директорының айтуынша, алда Үндістан әншілерінің концерттері мен халықаралық Йога күніне орай ұйымдастырылатын шаралар өтпек. Құрылғанына 30 жыл толған орталық екі ел арасындағы мәдени көпір қызметін ары қарай да атқара береді.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Наурызбай Құрманғазы, Ғалымжан Абдылахат