Ит төресі – тазы. Елордада халықаралық иттер көрмесі өтті
Елордада Қазақстан кинологтар одағының ұйымдастыруымен халықаралық иттер көрмесі өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Елдің түкпір-түкпірінен 100-ге тарта қазақ тазысы мен жеті қазынаны баптаушылар жиналды. Тазы тұқымын әлемдік деңгейде танытуға бағытталған шараға арна тілшілері де қатысты.
Көрмеде 11 жасар Әділжан Жеңістің «Шағала» атты күшігі сарапшыларға бірден ұнады. Ең жас қатысушыға тазы баптауды әкесі үйретіпті. Жеткіншек әкесімен бірге сайысқа 15 тазыны ертіп әкелген.
Әділжан Жеңіс, тазы баптаушы:
- Мен 5 жасымнан бастадым, иттерді асыраймын. Папама көмектесемін. Тамақ беремін, су беремін, жуындырамын. Папаммен бірге аңшылыққа шығамын. Біз әртүрлі аң аулаймыз. Қоян, қасқыр сияқты.
Ал Оралбек Мақатов қазақы тазылар көрмесіне қатысу үшін Ақтөбе қаласынан арнайы келіпті. Қазақ халқы ежелден итті адамның досына, жеті қазынаның біріне балаған. Сондықтан тазы асырау – қаныма біткен асыл қасиет, – дейді баптаушы.
Оралбек Мақатов, тазы баптаушы:
- Мына 2 тазы, екеуі де 4 жаста. Мынау «Қоймас» деген, мынау «Янтарь» деген. 6 жылда, Құдайға шүкір, біраз додаларға қатысып, ұрғашы тазым бірінші орын алған. Көрмелерден де орын алып келеді.
Дильназ Тұрғазыева, тілші:
- Намыс Павлодар қаласынан бүгінгі көрмеге арнайы келген. Ол таза ауада жүріп, саяткерлік жасағанды жақсы көреді. Былтыр аңшылық маусымда бірнеше қоян, түлкі, қарсақ сынды аңдармен қатар бір шибөріні қанжығалаған. Бүгін құмай тазыны иесі халықаралық аренаде көпшілік назарына ұсынып, жүлделі 3 орынға ие болды.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазы мен төбет тұқымдарын қорғау мәселесін қолға алуды тапсырған болатын. Қазір Кинологтар одағы бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Мамандар әр саққұлақтың дене тұрқын, шашағын, сирақтарын, тіпті тырнақтарына дейін өлшеп, баға береді.
Бауыржан Серікқали, Қазақстан кинологтар одағының президенті:
- Қазір Қазақстанда тазымен айналысатын бірнеше ұйым бар. Біз – сол бірнеше ұйымның біріміз. Қазақстан кинологтар одағы. Бүгінгі таңда одақта біздің есеп бойынша 3,5 тазы тіркелген. 1-2 жылдың ішінде оның саны екі-үш есе өседі.
Ив де Клерк, Халықаралық кинология федерациясының атқарушы директоры:
- Тазы тұқымын зерттеу үшін Халықаралық кинология федерациясының бас комитетінен арнайы 2 адам тағайындалды. Ең алдымен иттердің денсаулығы жіті тексеріледі. Тазының көру, сезу, есту қабілеті жақсы дамыған. Аңшылық қабілеті, амал-айласы басқа иттерге қарағанда көш ілгері. Сондықтан олар ерекше күтімді талап етеді.
Ендігі кезекте көрме нәтижесі бойынша комиссия сараптама жасап, тазы тұқымын ұлттық бренд ретінде бекіту және халықаралық деңгейде таныту мәселесі қаралады. Қорытынды отырыс қыркүйек айында Амстердам қаласында өтеді.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Наурызбай Құрманғазы.