«Өлгендер қайтып келмейді» романы түрік тіліне аударылды

Қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романы түрік тіліне аударылды, деп хабарлайды 24KZ.

Балалар әдебиеті ақсақалының қаламынан шыққан романның түрікше нұсқасы 2000 данамен басылыпты. Тұсаукесері Алматыдағы ұлттық кітапханада өтті. Романды түрік жазушысы Хусейн Варол аударған. «Өлгендер қайтып келмейді» – жастық шағы соғыстың ауыртпалығымен қатар келген адамдардың өмірі туралы шығарма. Жиынға ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы, қазақ әдебиетінің өкілдері қатысты.

Биыл Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толады. Қаламгердің «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «16 жасар чемпион» сынды шығармалары да оқырманға етене таныс. Жазушының еңбектері бүгінге дейін әлемнің 68 тіліне аударылған. Ал түрік жазушысы аудармаға 2 жыл уақытын жұмсапты. 

Хусейн Варол, жазушы:

- «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қарт сәлем береді». Бұл – қазақта сәлемнің маңыздылығын, дәстүрін көрсететін сөз. Түріктерде де сәлемдесудің мағынасы терең. Осы сынды мақал-мәтелдерді, ауылдың тұрмыс-тіршілігіне байланысты сөздерді аудару қиын болды.

Ұлықбек Есдәулет, ТҮРКСОЙ жазушылар одағының төрағасы:

- 24 қазанда биыл туған жері Алматы облысының мынау Райымбек ауданында, Нарынқолда кәдімгі халықаралық деңгейдегі ЮНЕСКО-ның, ТҮРКСОЙ-дың деңгейіндегі мерейтой шаралары өткізіледі. Жалпы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы Түркияда басталған.ф