Ұлыбританияда ұлттық киімдерді ұлықтау шарасы өтті
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай бүлдіршіндер мен жеткіншектер сахнаға шығып, шетелдіктерді бай мәдениетімен таныстырды, деп хабарлайды 24KZ.
Маврикий, Жапония, Доминика елдерімен қатар Қазақстанның да балалары сән арқылы ұлттық мұраларын паш етті.
Жапониялық Саяка Таки екі кішкентайына ұлттық салт-дәстүрлерін дәріптеуді тал бесіктен тәрбиелеп келеді. Бүгінгі көрсетілімге қыздары юката киіп келді. Юката жапон тілінен «суға түскеннен кейін киетін киім» деп аударылады. Мақтадан тігілген костюмды күн ысығанда үйде де, далада да, тіпті фестивальдерге де киіп баруға болады.
Саяка Таки, Жапония азаматы:
- Балаларымның өздері сұранып, осы шараға қатысуға ниет білдірді. Жапон мәдениетін таныстырайық деді. Өз басым Ұлыбританияға көшіп келгеніме 15 жыл болды. Сол уақыттан бері жергілікті халыққа салт-дәстүрлерімізді танытып келеміз.
Доминикалық кейуана Деирдре Этьен-Кларк Ұлыбританияға әке-шешесімен 10 жасында көшіп келген. Қазір зейнетке шығып, немере тәрбиелеп отыр. «Воб Двиет деп аталатын ұлттық киімді көбіне тойға барғанда киеді», – дейді ол. Көйлектің бетінде Мадрас деп аталатын дәстүрлі оюы бар. Доминика достастығы елі ұзақ уақыт бойы Ұлыбритания мен Францияның отары болғанына қарамастан халқы ұлттық болмысын сақтап қалған.
Деирдре Этьен-Кларк, Доминика азаматы:
- Дәстүрлерімізді өскелең ұрпаққа үйрету өте маңызды. Өйткені олар осында туды. Ата-бабаларының қайдан келгенін білгендері жөн. Біз ұлттық құндылықтарымызбен мақтанамыз. Немерелеріміз ана-тілінде бірнеше сөз біледі. Бірақ, өкінішке қарай, еркін сөйлей алмайды.
Шараға қатысушылардың басым көпшілігі қазақ балалары болды. Олардың ата-аналары – Ұлыбританияда тұратын қаракөз қандастарымыз және жұмыс бабымен уақытша өмір сүріп жатқан отандастарымыз. Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек, сәукеле киіп, әшекей бұйымдар таққан қыздар мен тақия-шапан киген ұлдар алдымен өздерін ағылшын тілінде таныстырып, одан кейін шетелдік көрермендер мен фотографтардың алдынан жүріп өтті.
Кәусар Ғалымжанқызы, шараға қатысушы:
- Қазақстан атынан қатысу – мен үшін үлкен мәртебе. Елімізді шетелдіктер көптеп білсе деймін. Қазақстан әлем танитын елге айналса деп тілеймін.
«Шара мақсаты – Лондонда тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерінің басын біріктіріп, бай мәдениеттерін паш етуге жағдай жасау, жергілікті тұрғындарға әлем халықтары туралы ақпарат беру», – дейді ұйымдастырушылар. Биыл үшінші жыл қатарынан өткізілген мәдени мерекеге 17 ұлт өкілі қатысты.
Кэнди Элли Грэм, ұйымдастырушы:
- Қазақ балалары өте белсенді. Олардың өздеріне деген сенімділігі және ұлтжандылығы ұнады. Шетелде өсіп жатқан бала өзінің ұлттық мұралары туралы білгені ләзім. Мен Нигерияданмын, күйеуім джамайкалық. Біз баламызға дәстүрлерімізді әрдайым түсіндіріп, үйретіп отырамыз.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта шараны кең ауқымда өткізуге ниетті. Ұлыбританиямен ғана шектеліп қоймай, өзге елдерде де әлем халықтары балаларының басын қосып, фестиваль өткізуді жоспарлап отыр.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.