«Таңбалы» музей-қорығында ғылыми-реставрациялық зертхана ашылды

«Таңбалы» мемлекеттік табиғи музей-қорығында ғылыми-реставрациялық зертхана ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Мұнда мамандар жартастардағы суреттерді қалпына келтірумен айналысады. Орталық «Түркі халықтарының рухани құндылықтары мен мәдени мұрасы» тақырыбындағы халықаралық конференция аясында ашылды. Биыл «Таңбалы» ескерткіштерінің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік «Мәдени мұра» тізіміне енгізілгеніне 20 жыл толды. Тасқа қашалған суреттер қола және темір дәуіріндегі қазақ даласын мекендеген адамдардың тыныс-тіршілігінен сыр шертеді. Мұнда петроглифтердің жүздеген түрі бар. Әсіресе, 7 күн басты бейне, аң терісін жамылған адамның сұлбасы туристердің қызығушылығын тудырады. Ғұрыптық би билеушілер мен құрбан шалу орындарын да көруге болады. Ендігі міндет – осы құндылықты келешек ұрпаққа жеткізу.

Қуаныш Мұхатұлы, «Таңбалы» табиғи қорық-музейінің ғылыми-зерттеу бөлімінің жетекшісі:

- Бұл зертханада жартас суреттерінің сынған бөліктері немесе сызып кеткен жағдайларын қалпына келтіру жұмыстары, анализ жасау осы зертханада жүргізілетін болады. Бұл зертхана тек «Таңбалы» үшін емес, жалпы Қазақстан, Орталық Азия бойынша жартас суреттерін қалпына келтіретін орталыққа айналады деп сенеміз.

Ақтоты Райымқұлова, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті:

- Бүкіл түркі дүниесінің ең беделді деген, бетке ұстар маңдайалды ғалымдары жиналып, түркі дүниесінің мұрасын қалай сақтауға болады, соның ішінде реставрация мәселелері және материалдық мұраны қалай сақтауға болады, ескерткіштеріміздің ерекшеліктері арқылы барлығымыз әр республикадан келіп, өзіміздің  жұмыстарымыздың нәтижесімен бөлісіп отырмыз.