Ақтөбе облысында шебер қыштан ыдыс жасауды жаңғыртты
Ақтөбе облысы Мәртөк ауылының тұрғыны Аркадий Гогель қыштан ыдыс жасау өнерін жаңғыртты.
Шебер бұл кәсіпке егде жасқа келгенде ден қойған. Қыштан бұйым жасаудың қыр-сырын интернеттен үйренді. Туындыларын өңірлік бренд етіп, нарыққа ұсынуды көздейді. Ол үшін «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатыспақшы.
Аркадий Гогель бала күнгі арманын жарты жыл бұрын жүзеге асырды. Шарық сатып алып, саз илеуге енді ғана мүмкіндік туды деп отыр. Қажетті шикізат ауыл төңірегінен табыла кетті. Сапалы сазды бірнеше күн баптап, әбден илеген соң түрлі ыдыс-аяқ жасауға кіріседі.
Аркадий Гогель, қолөнер шебері:
- Ыдыстар жарылып кетпеу үшін 3-4 тәулік бойы жел жоқ жерде кептіремін. Мынадай бұйым шығады. Содан соң су жібермейтіндей берік болу үшін сүтке салып қоямын. Тағы 2 тәуліктей кептіріп, қайтадан пеште күйдіріледі.
Саз балшықтан жасалған қыш ыдыстарды берік әрі сәнді етуге балауыз жағылады. Аркадий Гогель бұл бұйымдарды күнделікті қолданып жүргенін айтады. Жақындары мен дос-жарандарына да сыйға тартқан. Дайын өнімге таңбасын басып, тауар брендін де ойлап тапқан.
Марина Бектемірова, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі:
- Аркадий Гогель кәсіпкерлер палатасының «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысуға ниет білдірді. Бұл бағдарлама жергілікті тауар өнімдерін брендке айналдырып, республикалық, халықаралық сауда алаңдарына шығаруға бағытталған. Басты мақсат өнімдерді жергілікті шикізаттан даярлау.
Әуесқой қолөнерші өндіріс ауқымын кеңейтуді көздейді. Алайда кәсіби шеберхана жарақтап, қажетті құрал-жабдық сатып алуға қомақты қаражат қажет. Сондықтан мемлекеттік бағдарламаға иек артқан. Болашақта шәкірт тәрбиелеп ауданда ұмыт қалған өнерді қайта дамытуды жоспарлап отЫР.
Аркадий Гогель, қолөнер шебері:
- Мемлекет тарапынан қолдау болса бірнеше шарық сатып алғым келеді. Қыш күйдіретін кәсіби пеш пен үстел де қажет. Бұл кәсіпке қызығушылық танытып жүрген балалар бар. Оларға да үйретуге дайынмын.
Қыш ыдысқа қызыққан ауыл тұрғындарынан сұраныс көп. Аркадий Гогель жақын күндері облыс орталығында өтетін көрмеге қатысады. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында өтетін шарада 36 кәсіп иесінің өнімі көрерменге ұсынылады.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков