Шымкентте 90 орындық мәдениет үйі ашылады

Шымкентте шағынаудандарды мәдениет үйімен қамту жобасы сәтті жүзеге аса бастады, деп хабарлайды 24KZ.

Мәселен, 2 жыл бұрын басталған 4 жобаның бірі Көкбұлақтағы құрылыс аяқталып, қыркүйек айында қолданысқа беру жоспарланып отыр. Қазір нысанның ішін сырлау, қасбетін әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.

Жалпы 322 миллион теңгеге бағаланған жаңа ғимараттың ішінде кітапхана, көпфункционалды кабинеттер мен түрлі үйірмелер ашылады. Заманауи талапқа сай 90 орындық көрермен залы болады.

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл мәселені осы жерде Ақжол фракциясының облыстық депутаттары бар, филиал бар, сол жерде көбінесе көтерілген. Сондықтан мәдениет үйі қозғалып, салынып жатыр. Бітейін деп қалыпты. Мен ел аралауға келгенде бұрын көтерген мәселелеріміз қалай жүріп жатыр, қалай қозғалып жатыр? Соған көзімізді жеткізейік деп келдік.