Қазақ ұлттық өнер университетінің оркестрі Берлинде өнер көрсетті

Қазақ Ұлттық өнер университетінің Еуразиялық симфониялық оркестрі Берлинде төл өнерімізді дәріптеді.

Бірыңғай студенттерден жасақталған шығармашылық  ұжым Германияда өткен Young Euro Classic (Яң Еуро Классик) фестивалі аясында концерт берді. Биыл 25-ші рет өтіп жатқан музыка мейрамы несімен есте қалды? Алманиядағы меншікті тілшіміз Ердана Ержанұлының репортажы.

Домбыраның шанағынан төгіліп тұрған -  Моцарттың әйгілі  «Түрік маршы». Сегіз жігіт сазды әуенді симфониялық оркестрмен орындады. Екі жүз жылдан астам тарихы бар Konzerthaus ғимараты классика мен ұлттық аспаптардың үндесуінен тіптен ерекше күйге бөленген. Оған себепші болған төл өнерімізді дәріптеген Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің жастары. Ширек ғасырлық мерейтойын тойлаған музыка фестиваліне Қазақстан делегациясы екі сағаттық бағдарламамен келген.

Кенжебек Әділов, «Шабыт» домбыра ансамблінің мүшесі: 

«Біздің домбыра тек қана күй ғана емес, бүкіл шетелдік шығармаларды да орындауға болатынын көрсеткіміз келеді. Ал екінші шығарманы айта кететін болсақ, ол Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбеті». Бұл шығарма Қазақ ұлттық оркестрінің әнұраны деп есептейміз. Бұнымен біз қазақтың музыкасын көрсеткіміз келеді. Қазақтың күйін, өзінің философиясы барын көрсеткіміз келеді осы шығармалармен». 

Ерболат Ахмедияров, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

- «Шабыт» домбырашылар ансамблін симфониялық оркестрмен қосып, үні қалай шығады екен деген еуропалықтарды таңғалдыратын ойымыз туа кетті.  Көп дайындалдық. Осы жылы бұл балаларда каникул деген нәрсе болған жоқ. Олар тек емтихандарын тапсырып, оқу жылын бітірді де, бір аптаға үйлеріне барып келді де, содан кейін қайтадан шақырып алып, дайындалдық жаз бойы». 

Концертте көрерменнің көзайымына айналып, құлақ құрышын қандырған тағы бір музыкант – Карина Измаилова. Ахмет Жұбановтың жиеншары, Әзербайжан Мәмбетов пен Ғазиза Жұбанованың немересі неміс композиторы Роберт Шуманның оркестрге арналған концерті мен нағашы атасының «Қарлығаш» әнінен туындаған төл пьесасын орындап, көптің көңілінен шықты. 

Карина Измайлова, фортепианошы, композитор:

- Осыдан елу жыл бұрын шалғайдағы шетелге шықпақ түгілі көрші елге барып өнер көрсету үлкен мәртебе болатын. Әжем Ғазиза Жұбанованың естеліктерінде Алматыдағы консерватория оркестрімен Мәскеуге барғанын, ол сапардың үлкен абырой болғанын айтатын. Ал қазір біз секілді жастарға мүмкіндік көп. Егемен еліміздің, төл музыкамыздың атын шығару үшін әлем сахналарында өнер көрсете аламыз. Бұл - жас мамандарға ерекше естелік қана емес, шабыт сыйлайтын бірегей оқиға.

Айтулы кеште студенттеріміздің өнеріне неміс тыңдармандары тәнті болғандарын жасырмады.  Оркестр шетелдіктерді  тамсандырып қана қоймай, олардың қазақ музыкасына деген қызығушылығын  арттырды.

БЛИЦ 

- Өнерпаздардың осындай жас болғанына қарамастан, тамаша өнер көрсетуі мені баурап алды. Әсіресе домбырада Моцарттың шығармасын ойнағанда бірге әндетіп отырдым. Қазақ күйлері құдды бір отшашу сияқты ерекше есте қалды. Қазақ музыкасы мен орындаушылары жайлы көбірек білгім келіп кетті. 

- Концерт өте қызықты өтті. Фортепиано мен оркестрдің үндесуі өте әсерлі болды. Каринаның өнеріне тәнті болдым. 

- Домбыраны алғаш рет бүгінгі концертте тыңдадым. Оркестрмен байланысы жақсы болды. Соңында ансамбльдің өзі ғана өнер көрсеткенде, аспаптың үнін, оны қалай ойнайтынын аңғарып, таңқалдым. 

- Осы кештің жаңалығы деп домбыра аспабын айтар едім. Сыртқы пішіні де, үні де өте әдемі екен. Екі ішектен осыншама әуен қалай шығатынын көріп, ерекше әсер алдым. 

25 жыл ішінде Young Euro Classic фестиваліне 60 түрлі елден 28 мың музыкант, 160 оркестр қатысқан. Іс-шараның басты мақсаты - ең мықты студенттік оркестрлердің басын қосып, талғамы жоғары тыңдарманға тың дүние ұсыну. Қазақ жастары бұл фестивальде осымен үшінші рет өнер көрсетіп отыр. Ұйымдастырушылар сұраныстың жоғары болғанын меңзеп, еліміздің қатысуымен болатын алдағы шараларға аңдатпа жасады. 

Габриеле Минц, Young Euro Classic фестивалінің директоры: 

- Өнерге қатысты ортақ жобаларымыз алда көп болмақ. Мысалы, осы қараша айында филармониямыздың концерт залында Орталық Азия елдерінің музыканттарының басын қосуды жоспарлап отырмыз. Ол кезде неміс музыканттарымен бірлесе орындалған ерекше кешке куә боламыз. Одан соң жас актерлер мен кинорежиссерлердің фильм фестивалін де ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз».

Мұндай қызығушылық пен жиналған жұрттың ыстық ықыласы қазақ өнерінің деңгейі жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бастысы – киелі домбыраның үні, жас музыканттардың шеберлігі, төл шығармаларымызбен айшықталған бірегейлігіміз келген жұрттың есінде қалды. 

Ердана Ержанұлы, Павел Рубан