Көзі көрмейтін елордалық оқушы Лондондағы өнер байқауында топ жарды
Көзі көрмейтін елордалық оқушы Лондонда өткен өнер байқауында бас жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды 24kz.
Абылай Мұстафин халықаралық конкурста қазақстандық авторлардың шығармаларын фортепианода орындап, шетелдік қазылардың жоғары бағасына ие болды.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Абылай – Астанадағы Жұмабек Тәшенов атындағы мектеп- гимназияның 9-сынып оқушысы. Ол сонымен бірге Роза Бағланова атындағы №2 музыкалық мектепте білім алады. Туабітті зағип, бірінші топтағы мүгедек болса да, мүмкіндігінің шектеусіз екенін дәлелдеді. Бұған дейін «Хабар» телеарнасынан көрсетілген
«Жұлдызай» байқауында лаурет атанса, бүгін халықаралық өнер додасында топ жарды.
Абылай Мұстафин, халықаралық байқаудың бас жүлдегері:
- Мен бақыттымын, жеңімпаз болып ұтып жатқаныма. Мүмкіндік бергені үшін музыкалық мектеп мұғалімі Олеся Ивановнаға, анам мен әкеме рақмет.
Абылай есепке де жүйрік. Германияда және Түркияда менталды арифметикадан өткен олимпиадада топ жарып, жүлделі орынға ие болды. Жас өрен болашағын IT технологиялармен байланыстырғысы бар. Сондай-ақ «Алтын уақыттың дарыны» деп аталатын байқауда алматылық суретші Әсемгүл Сүлейменова да бас жүлдені жеңіп алды.
Әсемгүл Сүлейменова, халықаралық байқаудың бас жүлдегері:
- Менің басты мақсатым – осы қазақи өнерді, қазақи нақыштағы суреттерімді әлемге таныту және осы бізде Қазақстанда өнер адамдары көп екенін, бар екенін білдіру.
Байқауда бақ сынағандардың 30%-і отандастарымыз. Мәселен, ағайынды Гүлімай, Дінмұхаммед, Нұрбақыт Талап сахнаға шығып, ұлттық өнерімізді паш етті. Домбырада ойнап, қазақ күйін күмбірлетті. Байқауға балалармен қатар кәсіпқой музыканттар да қатысты. Араларында Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры бар.
Жанат Ерманов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Ең біріншіден, біздің үрлемелі аспап квинтетімізге 20 жыл толып жатыр осы жылы. Соған арнап әдейі келіп жатырмын. Қазақстанды танытуға, Қазақстанды білсін, көрсін деген оймен келіп жатырмыз.
Төртінші жыл қатарынан өтіп жатқан «Алтын уақыттың дарыны» атты халықаралық байқаудың ұйымдастырушысы Украина азаматтары. Олар музыка, бейнелеу өнері, хореография және басқа да аталымдар бойынша онлайн іріктеуден өткен 25 елдің өкілін Ұлыбританияға шақырған. Байқауға қатысу ақылы. Одан бөлек, виза және жол шығындары бар. Отандастарымыздың Лондонға келуіне демеушілер қолдау көрсеткен.
Инесса Била, байқау ұйымдастырушысы:
- Үлкен дарын иелеріне арналған дүбірлі додалар көп. Біздің байқауға өзін әлі танытып үлгермеген, бірақ талантты өнер адамдары қатысады. Бес жасар баладан бастап 70-тен асқан қарияға дейін сахнаға шығып жатыр.
Жеңімпаздардың есімдері байқаудың ресми сайтындағы үздіктер тізімінен табылады. Озық оқу орындарынан шақырулар алып, шетелдік компаниялар оларға қызметтер ұсынуы ықтимал. «Дарындылар визасына ие болып, Ұлыбритания мен АҚШ-та өнерлерін шыңдауға да мүмкіндік бар», - дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы