1 қазан – Радио қызметкерлерінің кәсіби мерекесі

Бүгін – Радио күні. 2021 жылы Қазақ радиосының 100 жылдық мерейтойын атап өту кезінде Мемлекет басшысы 1 қазанды Радио қызметкерлерінің кәсіби мерекесі деп белгілеуді ұсынған.

Мерекелер күнтізбесіндегі жаңа дата отандық радио саласының дамуына серпін берді. Сонау 1921 жылы әуе толқынында алғаш хабар тарата бастаған қазақ радиосы бүгінде ақпарат кеңістігінде тың бағдарламаларымен тыңдарман сүйіспеншілігіне бөленіп келеді.

Мереке болса да, бүгін Қазақ радиосының редакциясында жұмыс әдеттегідей қызу. Әр сағаттың басындағы жаңалықтар күн тәртібіндегі маңызды тақырыптар жайындағы сұхбатпен жалғасып, ойын-сауық бағдарламалары өз кезегімен жүріп жатыр. Міне, тікелей эфир тізгінінде Ертас Жақыпбай мен Майра Төлепберген патша көңіл тыңдарманмен қайта қауышуға әзір.

Қазақ радиосының таралу ауқымы ел аумағының 91%-ін алады. 4 мыңға жуық елді мекен радио хабарын үздіксіз тыңдау мүмкіндігіне ие. Аудитория да жыл сайын кеңейіп жатыр: бүгінде радио тыңдаушының орташа жасы 35 жас болса, оның 77%-і – автокөлік жүргізушілері. Одан кейін жастар мен егде жастағы азаматтар да күн сайын радиоға құлақ түреді. Бағдарламалар заман талабына сай жаңғырып келеді.

Майра Төлепберген, радиожүргізуші, диктор:

- Радиоға 18 жасымда келгенмін, радионың табалдырығын студент кезімде аттағанмын, содан бері радиоға ғашықпын. Радио маған ғашық сияқты. Радиожүргізушілерінің бір түсіндіре алмайтын сезімі болады, студияға келіп, тіпті ауырып отырсаң да, жазылып кетесің. Бір эфир бір эфирге ұқсамайды, күнде әртүрлі эмоция, сонысымен қызық шығар.

Иә, әуезді ән талғампаз тыңдарманның көңілін әсем күйге бөлесе, сырға толы сұхбаттар талай жанның кеудесіне қуаныш сыйлады емес пе?! Радиожүргізуші кәсібінің өзге мамандықтардан өзгешелігі де сол. Тіпті эфирдің арғы жағындағы сүйікті дикторының дауысын тұрақты тыңдаушысы алыстан танып жатады.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы негізін қалаған Қазақ радиосын жылдар бойы еліміздің біртуар қайраткерлері алға жетеледі. Шәмші Қалдаяқов, Мұқағали Мақатаев, Ахмет Жұбанов секілді алыптар радиода қызмет етіп, дәрежесін биіктетті және бүгінгі күнге аманат етті.

Алмас Байдрахман, Қазақ радиосының бас редакторы:

- Қазақ руханияты мен мәдениетінің мәйегі болған қара шаңырақ – Қазақ радиосының тарихы тереңде, білесіздер, ғасырдан асты. Бүгінгі күннің ең қымбат дүниесі уақыт болғаннан кейін бұрынғыдай ұзын сонар хабарлар жоқ қазір Қазақ радиосында. Сондай-ақ бүгінде музыкалық контент те көп өзгерді, дәл осындай хабарлардың негізінде Қазақ радиосы ТНС-тың қорытындысы бойынша рейтингте жоғары орындарда деп нық сеніммен айта аламыз.

2021 жылы ұлттық үнжариямыздың 100 жылдығына орай Астанадағы көшелердің біріне Қазақ радиосы атауы берілді. Радионы сазды әуен тыңдау құралы ғана емес, рухани тірегіміз санайтын қауым бұл оқиғаны киелі шаңырақтың ғасырлық мерейтойына жасалған тағзым, көрсетілген құрмет деп біледі. Ал кәсіби мерекенің арнайы датамен айшықталуы отандық радионың одан әрі дамуына ықпал етеді.

Авторлары: Рухани Асқар, Жандос Битабаров, Қанат Махмұтов.