Қазақстан қаламгерлерінің туындылары Франкфурт кітап жәрмеңкесінде ұсынылды
Қазақстандық қаламгерлердің еңбектері Халықаралық Франкфурт кітап жәрмеңкесінде әлем жұртшылығына ұсынылды.
Шарада 95 елден келген 4 мыңнан аса қатысушы өз өнімдерін көрсетті. Оның ішінде елімізден барған отандық баспалар, ұлттық мемлекеттік кітап палатасының өкілдері, жазушылар мен әдеби агенттерден құралған 30-дан аса делегация бар.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Франкфурт кітап жәрмеңкесінің алғаш рет өткен кезі Керей мен Жәнібектің саяси салмаққа ие болып, Қазақ хандығының құрыла бастаған сәттерімен тұспа-тұс келеді. Бес ғасырдан астам тарихы бар іс-шараның әлем әдебиеті өкілдері мен баспагерлерінің басын қосатын ерекше миссиясы бар. Осы бір іс-шарадан Қазақстан да тысқары қалған жоқ. Біздің еліміздің 250-ге жуық шығармасы әлем жұртшылығының назарына ұсынылды.
5 күнге созылған жәрмеңкеде Мәдениет және Ақпарат министрлігінің мұрындық болуымен Қазақстан стэнді ұйымдастырылды. Таңдаулы басылымдар арасында ақын, жазушыларымыздың шетелде жарық көрген төл еңбектері мен халықаралық баспаханалармен болған ынтымақтастықтың табысты нәтижелері көрсетілді.
Оразалы Сәбден, академик, қоғам қайраткері:
«Абай Қазақстанның болашағы деп аталады. Бұл кітап Cambridge баспасында шыққан. Баспаның дерегі бойынша әлемнің 200 топ университеттеріне жіберілген. Міне біздің Абайды әлемнің 200 топ университеті оқып жатыр».
Рахима Құл-Мұхаммед, "Атамұра" корпорациясы" ЖШС вице-президенті:
«Дорли Киндерсли» деген Англияның баспасымен бірігіп, мынандай сериямен «Мың пайдалы сөз» қазақ-ағылшын тілдерінде шығардық. Одан кейін мына «Білімдар» деген энциклопедияны шығардық. Балаларға білімін жетілдіруге арналған. Бұл да қазақ-ағылшын тілдерінде шықты. Бұны 15 мың тиражбенен шығардық».
Дидара Алина, "Arman-PV" баспасының бас директоры:
«Енді жәрмеңке болғаннан кейін әлемдік баспаханалармен жұмыс істеуге тырысамыз. Оның бірі – италиялық «Нью нью» баспасымен жұмыс істейміз. Биыл олардың тарихқа арналған керемет кітаптарын «pop up» форматында шығарып отырмыз. Бұл Қазақстанда бірінші рет «pop up» форматында шыққан кітап. Енді қазір өзіміздің әріптестерімізбен «Қазақстан» деген, «Қазақстан тарихы» деген, «Алтынорда» деген серияны бастап жатырмыз. Сол да, Құдай бұйырса, үш тілде шығады».
Қазақстан бұрышындағы кітаптарды арнайы келіп көріп, қызығушылық танытқан шетелдік баспагерлер мен оқырмандар да көп.
Беньямин Фридрих, баспагер:
«Бізді қызықтырып отырғаны Қазақстандағы балаларға арналған кітаптар. Олардың кейбірінің форматы ерекше, 3D форматта басылып шыққан екен. Одан соң жасөспірімдерге арналған фантастикалық шығармалар да өте тартымды. Оларды да көріп жатырмыз».
Штефани Фридрих, баспагер:
«Иә, мағанда қазіргі авторларыңыздың шығармалары қызық болып отыр. Ұнағандарын неміс тіліне аударсақ па деген ниетіміз бар».
Себастьян Шулерн, көрмеге қатысушы:
- Мен сіздің еліңізде бірнеше рет болған едім. Осы көрмеде қазақ авторларының шығармаларын көріп, қуанып отырмын. Өзіме жаңа дүние, тың көзқарас ашатыныма сенімім мол».
Отандық баспалар кітаптарын цифрлық форматта әзірлеп, 3D модельге ауыстыруды да қолға алған. Әсіресе мектеп оқулықтары мен балалар әдебиетін гаджеттерге бейімдеуге көшкен. Мысалы, «Мектеп» баспасы мажарстандық «Мозаик» компаниясымен бірлесіп шығарған алғашқы өнімдерін жәрмеңкеде көрсетті.
Петер Төрөк, Mozaik компаниясының директорының орынбасары:
«Оқушылар кітаппен ғана шектелмей, ішіндегі ақпараттың 3D моделін гаджеттер арқылы меңгере алады. Оған аудио түсіндірме мен анимацияларды қосыңыз. Тақырыпқа қатысты жаттығулар да қарастырылған. Қазіргі заманның баласына кітап оқытуға бұл тәсіл өте қолайлы деп ойлаймыз».
Шетелдік баспагерлермен қатар Қазақстан стэндіне Халықаралық Франкфурт кітап жәрмеңкесінің президенті де арнайы келіп, ынтымақтастықты кеңейтуге ниет білдірді.
Юрген Боос, Франкфурт кітап жәрмеңкесінің президенті:
- Біз әлемнің барлық әдеби мұрасын бір ортаға жинауды мақсат етеміз. Сол үшін келесі айда Қазақстанға баспа ісі мен авторлық құқық саласындағы әріптестерімді ертіп барып, тәжірибе алмасқымыз келеді. Алдағы көрмелерге қатысу жағын талқылап, тренингтер өткізсек дейміз. Осы арқылы шығармаларды өзге елдің баспаларымен қатар кино индустриясында да сатудың жолдарын талқылағымыз келеді.
Осылайша Қазақстан авторлары жаңа баспалармен қауышса, баспагерлеріміз жаңа серіктестер тауып, қазақ шығармаларын шет елдерде кеңінен танытып, насихаттауға уағдаласты.
Ердана Ержанұлы, Павел Рубан