Семейлік дәстүрлі әнші 100 әнді тоқтаусыз орындайды
Семейлік дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев толассыз 100 ән орындап Гиннесс рекордтар кітабына енуге ниетті, деп хабарлайды 24kz.
Жәнібек Кәрменовтың шәкірті жылдар бойы таңды таңға асырып, қазақ әндерін тоқтамай шырқап жаттыққан. Мәдениет саласының үздігі дәстүрлі ән өнерінің 5 мектебіне енетін шығармаларды түгел жатқа біледі. Әнші Гиннесс рекордтар кітабына тіркелуге жолдама ретінде арнайы концерт берді. Артынша әлемдік рекордтарды тіркейтін ұйымның өкілдігіне өтініш жолдамақ. Осылайша, ұлттық мұраның тізгінін ұстаған талант иесі төл мәдениетіміздің ерекшелігін әлемге насихаттауды көздейді.
Қайрат Қабышев, дәстүрлі әнші:
- Ата бабамыз ол кезде Гиннес рекорды жоқ қой, таңды атырып, тойдың басында отырып ән айтқан, жыр айтқан ғой. Сондықтан мен ештеңе ойдан шығарған жоқпын. Мақтанатын ештеңем жоқ. Мен қазақтың кезінде ұмытылып қалған дәстүрін жаңғыртамын. 100 әнді орындау білесіздер, 3 минуттан салғанның өзінде 7 сағат орындалады. Арасында әңгіме құратын болсақ, 10 сағатқа дейін кетіп қалуы мүмкін.
Атырауда «Сарайшық – бабалар мұрасы» жобасы мәресіне жетті
Жоба ұлтымыздың тарихи және мәдени мұраларын жаңғыртуды көздеді. Оның аясында өңір суретшілеріне білікті мамандар шеберлік сағатын өткізді. Сарайшық қаласының тарихын көркем сурет, бейнелеу мен мүсін өнері арқылы насихаттаған қылқалам шеберлері өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Жоба аясында үздік деп танылған туынды авторларына қаржылай сыйақы берілді. Мүсін, кескіндеме және графика бағыты бойынша сынға түскен суретшілер көне Сарайшық қалашығын туындыларына арқау еткен.
Лариса Алдаберген, ұйымдастырушы:
- «Сарайшық – бабалар мұрасы» жобасы, бұл – Атырау облысына арналған жоба. Атырау облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Жалпы жобаның басында біз екі мастер-класс өткіздік, семинар өткіздік. Ол семинар мен мастер-класстарға 120-дан астам суретші қатысты осы өңірдегі.
Бекболат Демеуов, суретші:
- Менің жұмысым қасиетті жеті хан жерленген Сарайшық жөнінде. Бейнелеу өнерінің жанрларының бірі – графика жанрына жұмыс жасалған. Мұнда мен жалпы хандардың орталық бөлігіне жеті ханның күмбезін бейнеледім. Аспанға қыран бүркітті бейнеледім. Тұтастай композиция шықты деп ойлаймын.
Айман Мұсаходжаева Оңтүстік Кореяда өнер көрсетті
Айман Мұсаходжаева Оңтүстік Кореяда өнер көрсетті. Қазақстанның халық әртісі Тэгу қаласының симфониялық оркестрінің 60 жылдығына арналған концертке қатысты. Өнер саңлағы бұл ұжыммен бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мерейтойлық кеште алғаш рет оркестрдің сүйемелдеуімен Арам Хачатурянның шығармаларын орындады. Сонымен қатар Евгений Брусиловскийдің «Бозайғыр» туындысы тарту етілді. Мәдениет майталманы бұл кешке XVII ғасырда жасалған Страдивари скрипкасын арнайы ала келгенін айтады.
Айман Мұсаходжаева, ҚР Халық әртісі:
- 60 жыл өте ұзақ уақыт, үлкен мерейтой. Бұл кез келген оркестрге бұйыра бермейді. Біз бұл ұжыммен бірнеше жылдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Мен мұнда Чайковский мен Прокофьевтің шығармаларын ойнағанмын. Бүгін Хачатурянның музыкасын орындау бақыты бұйырғанына өте қуаныштымын.
Пэк Чжин Хён, Тэгу қаласы симфониялық оркестрінің бас дирижері:
- Оркестрдің 60 жылдығын әлемге әйгілі скрипкашы Айман Мұсаходжаеваның қатысуымен атап өту мүмкіндігі үшін шексіз ризамыз. Бүгін біз Хачатурянның симфониясы мен концертін бірге орындадық. Бұл жан тебірентер мелодия жиналған жұртқа керемет көңіл күй сыйлады деп ойлаймын.