Прагада қазақ және чех өнерпаздарының бірлескен концерті өтті

Прага төрінде қазақ және чех өнерпаздарының бірлескен концерті аншлагпен өтті.

Шығармашылық кешке билеттер екі күнде сатылып кеткен. Жергілікті өнер сүйер қауым әсіресе қазақстандық опера әншісі Нұржамал Үсенбаева мен чехиялық баритон Филипп Банжактың дуэтін тыңдауға келген.

Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаеваны чехия жұрты жақсы біледі. Шығармаларын сүйіп тыңдайды. Классикалық музыка ханшайымының Жофин сарайында өнер көрсетуі де сондықтан. Қазақ-чех әртістерінің бірлескен бұл жобасы Қазақстан Республикасы күніне арналды. Ол Прага мэрінің жоғары патронатымен және дипломаттарымыздың қолдауымен өтті.

Концертте дәстүрлі әндер мен классикалық туындылар шырқалды. Солтүстік Чехия оркестрі Төлеген Мұхамеджановтың симфониялық музыкасын орындады. Кеш соңында қазақ халқының бекзат өнердегі биігі дирижерге естелік ретінде Махамбет поэмасының партитурасын сыйға тартты. 

Төлеген Мұхамеджанов, композитор:

- Осындай кездесулер, осындай кештер ресми түрде жасалып жатқан шаралардан сәл қымбатты болады. Нағыз жүректен жүрекке жететұғын шара болғаннан кейін міндетті түрде қалыптасады әрі қарай. Сондықтан осындай кештер көбірек болсын деп айтамын. Өйткені неғұрым адамдардың арасында татулық болса, соғұрлым бейбітшілікті сақтап қаламыз. 

Үлкен сахнада әлемге әйгілі ариялар да орындалды. Қазақ сопраносы чех тілінде, ал чех баритоны Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Отан» әнін шырқағанда концертке жиналған қауым ұмытылмас әсерге бөленді. 

Филип Банджак, опера әншісі:

- Музыка тілі аударманы қажет етпейді. Музыкант ретінде біз үшін, адамдарды өнер арқылы біріктіру үлкен бақыт. 

Нұржамал Үсенбаева, ҚР Халық артисі:

- Қазақстан мен Чехия арасында біз көптеген жобалар ұйымдастырып жатырмыз. Концерттер чех әртістеріміз келіп тұрады Қазақстанда өз өнерін көрсетіп,  сондықтан біздің достығымыз біздің байланысымыз өте мыөты, жалғаса береді, дами береді деп ойлаймын.

Бұл концерттің басты жұлдыздары бірлескен жобаларды бұрыннан бері жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар, Нұржамал Үсенбаева мен Филип Банджак Еуропа өнері одағының жоғары марапатын иеленген үштіктің қатарына кіреді. Олардың шығармашылықтағы достығы міне, осындай халықаралық ірі жобаға ұласып отыр. 

Джут Таддеус Около, Ватиканның Чехиядағы Елшісі:

- Бұл өте жақсы бастама – адамдар арасында бейбітшілік сезімін ұялатудың маңызы өте зор. Қазақтар мен чехтер өз тілдерінде сөйлессе де бірін бірі жақсы түсінетіндей болып көрінеді. Бұл өте керемет. 

Йржи Шима, Азия достары клубының төрағасы:

- Бүгінгі шара халықтарымыз арасындағы қарым-қатынасты дамытуға үлкен үлес қосты. Музыка мен сөздің көмегімен достықты одан әрі нығайтуға болады деп ойлаймын. 

Эрик Лукас, Масарик демократиялық партиясының төрағасы:

- Концерттен керемет әсер алдым. Бір-бірімізді жақыннан танудың ең тиімді жолы – осындай іс-шаралар. Прага – Еуропа орталығы, мәдениеттің кіндігі. Біз енді Астана мен Алматының да мәдениеті бай қалалар екенін білдік. 

Денек Трошка, режиссер:

- Маған қатты ұнады. Барлығы өте әдемі. Адам өмірінде музыка мен мәдениеттің алар орны ерекше, маңызы зор деп ойлаймын.

Екі ел әртістерінің қатысуымен өткен гала-концерт көрермендерді де бір-біріне жақындастыра түсті. Ал Қазақстан тарапы Филип Банджакты мәдениет арқылы бейбітшілік елшісі етіп тағайындауы музыкалық кештің әдемі нүктесі болды.

Алия Сыздықова, Руслан Өміржан