Алматыда таңбалы тастар саябағы ашылды
Алматының бас ботаникалық бағында «Арқалан» петроглифтер саябағы ашылды.
Мұнда Қазақстанда табылған тасқа жазылған ескерткіш үлгілерінің көшірмелері жинақталған. Ең көне суреттер қола дәуіріне жатады. Ботаникалық бақ пен «Петроглиф жанашырлары» қоғамдық бірлестігінің ортақ жобасына Еуразиялық банк қолдау көрсеткен. Ал көне жазбаларды тастарға суретші-мүсіншілер Санжар Жұбанов пен Саид Әйнеков көшірген.
Қазақстан жартасқа салынған суреттердің саны мен түрлері бойынша әлемде көшбасшылар қатарында.
Елімізде 300 мыңнан астам петроглиф бар. Алайда, олардың көпшілігі жойылу алдында тұр. «Петроглиф жанашырлары» қоғамдық бірлестігінің белсенділері, экспедиция барысында көптеген таңбалы тастарды тауып, сақтап қалды. Олардың 24-інің көшірмесі Ботаникалық баққа қойылды.
Ольга Гумирова, "Петроглиф жанашырлары" ҚБ атқарушы директоры:
- Мақсат – петроглифтерге баса назар аудара отырып, қаланың ортасында ұлы даланың бір бөлігін жасау. Бұл саябақты ұйымдастыру туралы ой 2021 жылы Ерлан Жағыпаровпен бірге Арқарлы экспедициясына барғанда туған еді. Ол «тарихи сұлулықты біз ғана көреміз, бірақ қарапайым адамдар да көруі үшін қалада неге осындай саябақ жасамасқа?» деген еді.
Қоғам белсенділері, археологтар, суретшілер мен мүсіншілер петроглифтер саябағын құру үшін екі жыл еңбектенді. Қазақстанның көне тарихын көрсететін саябақ жобасын Еуразиялық банк қолдап, қаржылай үлес қосты.
Ләззат Сатиева, Еуразиялық банктің басқарма төрайымы:
- Біздің қызметкерлер «Петроглиф жанашырлары» ұйымының саяхаттарына қатысып, құнды мәліметтерге, жаңа тарихи жәдігерлерге куә болды. Жоба арқылы біз мәдени мұраны сақтауға үлес қостық деп есептеймін. Бұл саябақ одан әрі дамып, қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығады деп сенемін.
Таңбалы тастар саябағында Арқарлы петроглифтері бар. Ондағы біраз ескерткіштер қиыршық тасты өндіру кезінде ішінара қиратылған болатын. Белсенділер қалған петроглифтерді сақтап қалды, олар қазір мемлекет қорғауында. Айта кетейік, петроглифтер саябағы ботаникалық бақтың оңтүстік-шығыс бөлігінде, Қазақстан экспозициясының аумағында орналасқан.
Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев