Ахмет Байтұрсынұлының 5 томдық кітабы жарық көрді

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 5 томдық академиялық жинағының тұсаукесері өтті. Басылымға мемлекет және қоғам қайраткерінің мақалалары, ғылыми ізденістері мен сирек қолжазбалары енген. Сондай-ақ көзі тірісінде жазған еңбектеріне түсініктемелер мен сілтемелер жасалады. Құнды еңбектің таныстырылымына ахметтанушы ғалымдар, Түркі ғылымының белді өкілдері, жастар жиылды. Жинақ Түркі академиясы, Әдебиет және өнер институтының қолдауымен шектеулі сериямен жарық көрді. Қазақ ғылымы әлеміндегі сүйінші жаңалық ұлт мақтанышы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай әзірленген.

Айгүл Ісмақова, ахметтанушы:

- 2022 жылы Ахаңның 150 жылдығы қарсаңында дайындап қойдық. Соның реті биыл ғана келді. Қазақ тілі – ғылым тілі, қазақ тілін қалай оқыту керек, қазақ тілінде қанша дыбыс бар, қанша әріп бар? Бұл – біздің қазақ ғылымының деңгейі, осыдан 100 жыл бұрын ұлт ұстазы шығарған. Тұңғыш әліпбидің авторы неге Ахмет Байтұрсынұлы болды?! Ол әліппе бүкіл Түрік әліппесі болды. Осындай ақпараттар академиялық жинаққа енген.   

 

Атырауда «Фариза және ақын сіңлілері» атты поэтикалық кеш өтті

Атырауда Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына арналған «Фариза және ақын сіңлілері» атты поэтикалық кеш өтті. Өлең тойында поэзия падишасының ізінен ерген ақын сіңлілері жырдан шашу шашып, Фариза Оңғарсынова туралы естелік айтты. Салтанатты іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сауытбек Әбдірахманов, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Светқали Нұржан секілді зиялы қауым қатысты. Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына арналған іс-шаралар аясында республикалық әдеби-танымдық конференция, аймақтық эссе және облыстық ән байқауы өтеді.

Әлия Дәулетбаева, ақын:

- Атыраудың ғана емес, күллі Алаштың мақтанышы, қазақ өлеңін өте үлкен биік белеске көтерген Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толып отыр. Бұл жыр кешінің мақсаты... 2009 жылы Фариза апай 70 жылдығында осы ақын сіңлілерін Астанаға жинап, кеш өткізген болатын. Біз апайдың 85 жылдығында осы жобаны жаңғырту мақсатында қазақтың белгілі ақын қыздарын жинап Атырауға, осы іс-шараны өткізіп отырмыз.

Оңайгүл Тұржан, ақын:

- Фариза Оңғарсынова, менің ойымша, ХХ ғасырдың соңы, ХХІ ғасырдың басы, осы кезде өмір сүргендігі ғана емес, ол осы дәуірдегі қазақ әдебиетінің деңгейін керемет деңгейге көтеріп берген ұлы ақын деп есептеймін. Өйткені Фариза ақынның өлеңдері жөнінде жалпы әдебиет сыншыларының айтуы, ол – поэзияда өзіндік революция жасаған ақын.

 

Испаниялық азамат шағын киіз үй жасайды

Испанияның Галисия аймағында қолөнер шебері қазақтың киіз үйінің шағын үлгілерін жасаумен айналысады. Терейша Лоренцо есімді миниатюрист бала кезінен түрлі бұйымдардың кішкентай пішінін жасауды ермек етіп келеді. Ол Димаш Құдайбергенді танығалы қазақ мәдениетіне қызығушылығы артып, киіз үйді зерттей бастапты. Алғашқы туындысын Испаниядағы Қазақстан елшілігіне сыйға тартқан. Содан бастап, Терейшаның еңбегіне сұраныс артып, Димаштың тыңдармандарынан тапсырыс түсе бастаған. Шебер қолданылған заттарды қайта кәдеге жаратады. Әрі киіз үй секілді қоршаған ортаға зиянсыз баспананың насихатымен айналысуды мақтаныш санайды.

Терейша Лоренцо, қолөнер шебері:

- Киіз үйден мәдениетті, табиғатқа деген махаббатты, қонақжай кең пейілді байқаймын. Мен бұрын киіз үйдің жалпы не екенін білгеніммен, ішіндегі жиһаздарды, ою-өрнектерді осы мини-киіз үйді жасау үшін ізденгенде тереңірек түсіне бастадым. Ғаламтордан түрлі ақпарат жинап, қазақ мәдениеті жайлы үйрендім. Оюлардың мағынасы, киіз үй ішіндегі бұйымдар мен оларды жасауға қандай материал қолданылғаны мені қатты қызықтырды. Осы киіз үйді зерттеп, жасап отырып, тіпті уақыттың қалай зымырап өткенін байқамай қалатынмын.

Йоланда Гарсия, тапсырыс беруші:

- Мен Димаш Құдайбергеннің тыңдарманымын. Жақында Чехияда өтетін концертіне барғалы жатырмын. Сол жерде испаниялық тыңдарман атынан естелік сыйлық бергім келіп, не сыйласам деп ұзақ ойландым. Содан Терейшаның мини-бұйымдарын көріп, ондағы әр бөлшектің мұқият жасалғанын байқап, қатты таңғалдым. Бірден байланысып, қазақша киіз үй жасауға тапсырыс бердім. Димашқа ұнайды деген үміттемін.