Германияда Рахат-Би Әбдісағиннің кітабы жарыққа шықты
Германияда Рахат-Би Әбдісағиннің «Кванттық механика және авангардты музыка» атты кітабы ағылшын тілінде жарық көрді, деп хабарлайды 24kz.
Немістің Springer баспасы басып шыққан туындының таныстыру шарасына қатысу үшін Рахат-Би Еуропа мен Британияның үздік жоғарғы оқу орындарынан шақырту алды. Сондай-ақ ол Амстердам қаласында да кітап таныстыру кешін өткізді.
«Кванттық механика және авангардты музыка» кітабы – заманауи физика мен авангардты музыканың бірігуінен туындаған шығарма. Ғылым мен әуенге бала жасынан жақын Рахат-Би салаға ерекше ден қойған. Жылдар бойы жиған білімінің нәтижесінде физика мен өнердің қалыптасу кезеңін кітапқа түсірді. Сондай-ақ Макс Планк, Альберт Эйнштейн сияқты ұлы физиктердің музыкаға деген қызығушылығы мен ерекше талпынысын баяндайды. Айтуынша, ғылым мен өнердің тоғысуы – ұлы күш.
Рахат-Би Әбдісағин, композитор, туынды авторы:
- Кітаптың таныстыру шарасын ұйымдастырғандарыңыз үшін өте ризамын. Әсіресе, оның Германиядағы 7 ғасырлық тарихы бар ең озық оқу орнында өтуі мен үшін үлкен мәртебе. Шараға келген көпшіліктің бұл шығармаға қызығушылық танытқаны мені қуантады. Зал адамға лық толы. Бұл туындыда математикадағы сандардан бастап, физикалық құбылыстарға дейінгі ерекшеліктерді зерттедім. Осы кітапты жазу арқылы ғылым мен өнердің екі түрлі сала болғанымен, оны байланыстыру мүмкін екенін дәлелдегім келді.
Туындымен танысуға келгендердің көбі автордың ізденісі мен музыка саласындағы білім-біліктілігіне таңданысын жасырмады. Олар 4 сағаттық кеште Рахат-Биді тапжылмай тыңдап, оның музыка мен ғылымдағы білім көкжиегіне сапарлап қайтқандай әсерде болды.
Закари Ивенсон, Springer Nature баспасының бас редакторы:
- Мен баспа үйінің редакторымын. Осы кітапты жарыққа шығару үшін біз Рахат-Бимен бірге жұмыс істедік. Шығармасын бірнеше сағат бойы тапжылмастан тыңдадым. Маған ұнады. Музыка менің жаныма жайлылық сыйлайды.
Томас Эхмер, музыкант:
- Мен композитормын. Осы жердің тұрғынымын. Мен бұл саланы жақсы білемін. Музыка мен физика әрдайым тығыз байланыста болатын салалар. Бұл туралы мен өзім де кітаптардан оқып, білімімді жетілдіріп жүрмін. Жалпы өзім де ән жазамын.
Кристоф Лам, Физика ғылымдарының докторы, профессор:
- Менің бұл кітаптан үйренгенім көп. Бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі ғылымды тоғыстыру мен үшін жаңалық болды. Өзім бұл туындыны толық оқып шықтым. Бұл үлкен ізденісті қажет ететін әлемдік деңгейдегі үлкен шығарма деп ойлаймын.
Карина Валнумсен Хансен, музыкатанушы, Гейдельберг университетінің ғылыми қызметкері:
- Таныстырылым өте қызықты өтті. Автордың шығармаларында физика ғылымы туралы көп айтылған. Музыкамен байланыстырған. Мұны мүлде тың идея, жаңашылдық деп айтуға болады. Әдетте оларды біз мүлде екі әлем деп қарастырамыз ғой. Білмейтін нәрсеміз көп екен. Сазгер ретінде жаңа дүние жасады деп ойлаймын.
Рахат бидің шығармашылық сапары әрі қарай Амстердамда жалғасты. Туындының тұсаукесеріне жиналған қауымның қарасы қалың. Кездесуде өнер мен физика саласының мамандары мен майталмандары басқосты.
Рахат-Би Әбдісағин, композитор, туынды авторы:
- Бұл шараға қатысқаныма өте ризамын. Ғылым мен музыка тақырыбында қызу талқылау болды. Оны әлемдегі ең танымал, Амстердамның логика, тіл және есептеу институтында ұйымдастыру мені шын қуантты. Ал қызығушылық танытып, келгендердің барлығы жай маман емес, ғылым мен өнер саласының ғалым, профессорлары. Бұл да менің мәртебемді көтере түсті.
«Рахат-Бидің бірнеше сағатта білген-түйгенімен бөлісіп, аудиторияны жан-жақтылығымен баурап алуы, оның жоғары интеллектуалдылығы мен тұлғалық берік қалыптасуын айқын аңғартады», - дейді Амстердам университетінің ғалымдары. Лекциядан ерекше серпіліс алып шыққан тыңдаушының барлығы оның жас та болса бас болып жүрген біліктілігі мен біліміне ерекше тәнті болғанын жасырмады.
Хенкжан Хонинг, Амстердам университетінің музыкалық таным профессоры:
- Жас та болса, Рахат-Бидің энергиясы мол, аурасы динамикаға толы, өте талантты музыкант екенін байқадым. Ол ғылыми тұрғыда ән жазып, әуен құрастырып жүрген білікті маман. Математика, логика, механика саласын сазгерлік саламен ұйқастырып, бұрын-соңды айтылмаған қызықты деректерді келтірді. Менің көңілімнен шыққаны, оның музыканы дыбыспен, динамикамен, тембрмен байланыстырмай, кейінгі 50 жылда қолданылмаған генерациямен тоғыстыра білді.
Ренс Бод, Амстердам университетінің сандық гуманитарлық ғылымдар профессоры:
- Рахат-Бидің математика, физика және логикадан музыканы іздеп табуы маған қатты ұнады. Меніңше, Рахат-Би квантум мехинкасын музыка әлемінде қолданудың мүмкін екендігін көрсетті, дәлелдей алды. Әсіресе, кванттық физика мен авангардты музыканың арасындағы интеракция ерекше құбылыс. Сол себепті оның кітабын басынан аяғына дейін мұқият оқып шығуым керек.
Йохан Ван бентем, Амстердам, Стенфорд және Цинхуа университеттерінің логика ғылымдарының профессоры:
- Маған композитордың шын мәнінде шығармашылық тұлға ғана емес, тамаша орындаушы екені де мәлім болды. Ол музыканы жан-жақты таниды, жақсы біледі. Сондай-ақ автор физика мен логика ғылымы бойынша теорист екенін аңғартты. Музыка мен физиканы үйлестіру деген ерекше дүние. Небәрі 25 жастағы жас жігіттің мұндай жаңалықты ашуы таңғаларлық нәрсе. Ол осы жасында толық интеллектуалды дамып үлгерген. Келешекте оның озық ойлары әлде де дамып, тереңдей түседі деп сенемін.
Автор Ұлыбританияның үздік мамандарына ғана табысталатын Лондон музыканттар компаниясының 2024 жылғы күміс медалімен марапатталды. Қазір Рахат-Би Шотландия Корольдік консерваториясында «Болашақ» бағдарламасы бойынша білімін жалғастыруда.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева