Атырауда Ф.Оңғарсынованың 85 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті

Атырауда қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына орай республикалық әдеби-танымдық конференция мен шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды 24kz.

Конференцияда белгілі қаламгерлер мен әдебиетшілер қазақ өлеңінде өшпес із қалдырып кеткен ақын шығармашылығы туралы орамды ойларын ортаға салып, өткір өлеңдерін насихаттау бойынша ұсыныс айтты. Ал шығармашылық кеште ақын өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған әндер шырқалды. Қазақтың қабырғалы қаламгерлері мұндай іс-шаралардың жастарды тәрбиелеуде маңызы зор екенін айтады.

Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы:

- Осындай кештер, осындай адамның жан-дүниесін тебірентетін дүниелер біздің кейінгі болашақты тәрбиелейді деп ойлаймын. Мысалы, Мұқағали оқулары бар, Әбіш Кекілбаев оқулары деген көптеген оқулар бар. Ол Оқу министрлігінің құзырындағы нәрсе. Фариза оқуларын да бүкіл Қазақстан бойынша енгізетін уақыт жетті. Бұл біздің болашақтағы жастарды тәрбиелеуімізге керек нәрселер.