«Қазақтың отбасы фольклоры» атты кітап түрік тіліне аударылды

Анкарада Кенжехан Матыжановтың «Қазақтың отбасы фольклоры» атты кітабы түрік тілінде жарық көрді, деп хабарлайды 24KZ. Түркия Республикасы президентінің халық кітапханасында өткен рәсімге белгілі түркологтар, қоғам қайраткерлері мен мәртебелі меймандар қатысты.

Туынды қазақтың салт-дәстүрі, халықтың рухани болмысы, шығу тарихы мен  ұлттық келбеті туралы әңгімелейді. Алты бөлімнен тұратын құнды дүниені түрік тіліне тәржімалаған доктор Халил Четин.

Сондай-ақ Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің қолдауымен және «Көк ту» қазақ мәдениеті қоғамының ұйымдастыруымен өткен іс-шара барысында 500-ден астам кітап тарту етілді. Арасында Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының 100 томдық «Бабалар сөзі» еңбегі де бар. Бұл шығармалар енді Түркия президенті кітапханасының Қазақстан бөлімінде сақталады.

Айхан Туглу, президенттік кітапхананың бөлім басшысы:

- «Қазақтың отбасы фольклоры» атты монографияның түрік тілінде жарық көруі біз үшін маңызды. Бауырлас қазақтарды тануда баға жетпес құндылық болады деген ойдамын. Өйткені бұндай кітаптар жоқтың қасы. Ғалымдарымыз да, оқырмандарымыз да туындыдан өздеріне қажетті дүниелерді табарына сенімдімін.