Алматыда студенттер арасында инклюзивті фестиваль өтті
Шын талантқа тұсау жоқ. Алматыда құлағының мүкісі бар студенттер арасында республикалық DEAF MADE инклюзивті фестивалі өтті, деп хабарлайды 24KZ. Елдің әр өңірінен келген жастар ұлттық мәдениет, салт-дәстүр бойынша өнерлерін ортаға салды. Атап айтқанда, әр команда өзін-өзі таныстырып, заманауи би, сән үлгілерін көрсетті. Сондай-ақ ым-ишарамен ән айтудан сынға түсті.
Шара ерекше қажеттілігі бар студенттердің тәрбиелік, шығармашылық, көркемдік-эстетикалық дағдыларын дамытуға бағытталған. «Әрі мұндай шаралардың кедергісіз білім беру кеңістігін қалыптастыруда маңызы зор», – дейді ұйымдастырушылар. Жеңімпаздар медальдармен, дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.
Ағайша Сапарова, Алматы қ. ресурстық инклюзивті орталығының басшысы:
- Колледждерде мұндай фестивальдердің маңызы зор. Өйткені шығармашылық жастарды біріктіреді. Әртүрлі студенттер өз таланттарын паш етті. Біз қоғамда осындай жандардың өмір сүріп жатқанын және олардың өзін-өзі дамыта алатынын көрсеткіміз келді.
Мира Асылбекова, сурдоаудармашы:
- Біз бұл жерге есту қабілеті зақымданған студенттерімізді алып келдік. Балалардың өнерін паш етіп, өз ортасына көрсетуге, сайысқа, өнерлерін, билерін. Сондай-ақ өзі сияқты жан-жақтан келген студенттермен танысып, бір-бірімен аралассын деген мақсатта.