Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі ашылды
Алматы тағы мәдениет пен дәстүр, жаңашыл идеялар тоғысқан орынға айналды.
Мегаполисте XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ұлттық киноның өресін өсіретін шараға алыс-жақын шетелден 22 фильм жолдама алған. Сынға түсетін фильмдер Бангладеш пен Оңтүстік Кореядан бастап, Австрия мен Қатарға дейінгі мәдениет пен болмыстың кескінін көрсетеді. Еуропа, Азия және Таяу Шығыстан келген кинокартиналар да бар. Іс-шараға орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау хатын жолдады.
XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестиваліне президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау хатын жолдады. Хатты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді. Мемлекет басшысының хатында елде ұлттық кинематографияны қолдауға баса мән беріліп отырғаны атап өтілген. Биылғы байқау қазақ киносының корифейі Шәкен Аймановтың 110 жылдығы және «Қазақфильм» киностудиясының құрылғанына 90 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр.
Олжабай Мұсабеков, XVII Халықаралық "Еуразия" кинофестивалін ұйымдастырушы:
- Бұл фестивальде ашылуы мына жаңа театрда, ал болашақта түгел ана картиналар ертеңнен бастап, 29-ына шейін мына кинопарк кинотеатырында, есентай кинопаркінда көрсетіледі сағат кешкі 9-ға шейін. Кіру тегін, келіңіздер көріңіздер.
Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі 24-30 қараша аралығында өтеді. Оған үш құрлықтан 15-тен астам мемлекет қатысып жатыр. Жалпы 100-ден аса өтініш түскен. Комиссия халықаралық конкурс бойынша 13 картинаны, түркі әлемі бойынша 9 фильмді іріктеп алды. Оларды әр елден арнайы шақырылған киносыншылар көріп, бағасын береді.
Ерлан Нұрмұхамбетов, режиссёр, әділқазы мүшесі:
- Бұл фестиваль кино, өнер ретінде болған соң біз енді біріншіден сол киноның формасы, ішіндегі мазмұны, одан кейін стилі дегендей сондай жерлерге қараймыз. Бұл жерде Түркиядан келген және басқа елдерден келген әділ қазылар. Сондықтан бәріміз бірге 12 киноны көріп, кейін шешімін шығарамыз деп ойлаймыз.
Фестиваль аясында режиссер, актерлер және продюсерлермен кездесулер өтеді. Бұл жас кинематографистер үшін тамаша мүмкіндік. Сонымен қатар продюсерлік, сценарий жазу және операторлық бойынша шеберлік сабақтары өтеді.
Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов