Түркияда Нұрғали Ораздың «Адасқан жұлдыз» пьесасы қойылды

Нұрғали Ораздың «Адасқан жұлдыз» пьесасы Түркияда сахналанды, деп хабарлайды 24kz.

Актердің сахнадағы өнері мен шынайы өмірдегі қарама-қайшы тағдыры сомдалатын спектакльді жергілікті жұрт жылы қабылдады.

Меруерт Қанағат, тілші:

- «Адасқан жұлдыз» – адасқан ғұмыр. Алақан жайып, көше кезген қайыршы. Өмірін өнерге арнаған жас жұлдыз. Өз жолында өзгені құрбан ететін шенеунік. Міне, мұның бәрі де Нұрғали Ораздың «Адасқан жұлдыз» драмасында көрініс тапқан. Қойылымның ең үлкен интригасы театр мен шынайы өмір арасындағы шекараны бұзып, өз орнын табуға ұмтылған адамның тағдыры. Мазмұны терең заманауи пьесамен танысқан Трабзон өнер театрының көркемдік жетекшісі Нежеати Зенгин түрік сахнасына шығаруды бірден қабылдаған.

Нежеати Зенгин, көркемдік жетекші:

- Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, жылда ұдайы түрде түркі дүниесінің театр саласындағы шығармаларынан құралған жинақ шығарады. Әрбір санын асыға оқимыз. Сол жинақта «Адасқан жұлдыз» жарияланды. Оқыдым. Пьесадан қатты әсер алдым. Туындыда Қазақстандағы кеңестік дәуірден өтпелі кезеңге өтуі кезіндегі адамдардың экономикалық жағдайы, өнер мен мәдениетке көзқарасы баяндалады. Бұл менің ойымша, бәріне ортақ тақырып. Бір-екі жыл бойы ойымда болды. Биыл, міне, сәті түсті. Нұрғали мырзамен сөйлесіп, 2-3 ай ішінде осы қойылымды дайындадық. Біздің ең үлкен арманымыз осы қойылымды Қазақстанда көрсету.

Қойылымның авторы – Нұрғали Ораз. Оны түрік тіліне тәржімалаған белгілі қоғам қайраткері – Мәлік Отарбаев. «Бұл пьесаны жазған кезде менің алдымда тек театр сахнасын бейнелеу емес, сол сахнадағы актердің өмірмен, қоғаммен байланысын көрсету мақсаты тұрды», - дейді жазушы.

Нұрғали Ораз, пьеса авторы, жазушы:

- Мен үшін де әрине, күтпеген жағдай болды. Бірақ түрік тіліне аударылғаннан кейін түрік сахнасына шыққан жақсы ғой. Сонымен келісімімізді беріп, бұл кісілермен хабарласып тұрдық. Енді күзге қарай премьерасының реті келген екен. Бүгін көрейін деп тұрмыз. Жалпы «Адасқан жұлдыз» пьесасы 2010 жылы елімізде өткен «Тәуелсіздік толғауы» бәйгесінде жүлделі орынға ие болған пьеса болатын. Содан Мүсірепов театрында қойылды.

Қойылымды туыстас жұрт көрермені жылы қабылдады. Елде мерекеге сәйкес келсе де театр залы лық толды. Түрік көрермені, әсіресе Нұрғали Ораздың шығармасындағы әлеуметтік мәселелерді, адамдардың өмірдегі қиындықтарын және олардың арман-мақсаттарын өте жақсы түсінгенін айтады. Олардың ішінде студенттік жылдарын Қазақстанда өткізген Оғузхан Кантемир де бар.

Оғузхан Кандемир, көрермен:

- Студенттік жылдарым Қазақстанда өтті. Қазақ халқының көрген қиыншылықтарын жақсы білемін. Қойылымнан негізінен өз еркіндігін аңсаған, тәуелсіздікке жету жолында ізденістегі жастардың арманын көрдім. Пьесадан керемет әсер алдым.

Хамиет Өзен, көрермен:

- Тақырып өте керемет. Бір қоғамның ыдырауымен адамдардың бастан кешкен қиындықтарын баяндайды. Әсіресе бір әйелдің отбасынан, балалары мен жақындарынан алыстап, мұғалім бола тұра, қайыршы ретінде күнкөріс табуы шынымен де аянышты. Актерлер өте жақсы ойнады, бізге соны өте жақсы жеткізе білді.

Спектакльдің соңында басты кейіпкердің «Менің актер болғым келмейді» деген сөздері көрермендерді көп ойға жетелеп, ерекше әсер еткендей болды. Айта кеткен жөн, қазақ жазушысының туындысы түрік сахнасында мамыр айында дейін қойылмақ.