«Еуразия» кинофестивалінің конкурстық көрсетілімдері басталды
Алматыда 17-ші халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде жүлдеге үмітті фильмдердің көрсетілімі басталды, деп хабарлайды 24KZ. Оның алдында қазылар алқасы журналистермен кездесіп, байқаудың талаптарын түсіндірді. Халықаралық фестивальге 12 фильм ұсынылған. Ал Орталық Азия елдері мен түркі әлемі арасындағы байқауға 9 картина қатысады.
Жалпы фестивальге 15 елдің киногері өз жұмысын әкелген. Халықаралық қазылар алқасының төрағасы, «Алтын пальма бұтағы» сыйлығының иегері, түрік режиссері – Нұри Білге Жейлан. Ол қазақстандық кинематографияның дамуын жоғары бағалап, отандық режиссер Дәріжан Өмірбаевтың туындыларын ерекше атап өтті. Конкурстық көрсетілімдер 29 қарашаға дейін жалғасады.
Нұри Білге Жейлан, «Еуразия» кинофестивалі халықаралық қазылар алқасының төрағасы:
- Қазақ және Орталық Азия киносынан сапаның жақсарып, түрлі жанрдағы фильмдердің артып келе жатқанын көреміз. Дегенмен стандартты қалыптан шығу үшін өзіндік көзқарасы бар, өз аймағы мен халықтың болмыс-бітімін түсінетін жаңа режиссерлер қажет.