Жапондар қазақ күйлерімен танысты

«Жібек жолы арманы». Жапония астанасында осындай атпен Орталық Азия елдерінің елшіліктері ұйымдастырған концерт өтті, деп хабарлайды 24KZ. Қазақтың халық музыкасын Иннара Серікбаева, Ақбөпе Әбілбекова және Наоки Такахаши орындады. Наоки 2002 жылдан бері қазақтың музыкалық дәстүрлерін зерттеп келеді.

Осы уақыт ішінде ол домбыра, қобыз және сыбызғы аспаптарын меңгерген. Такахаши мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Бос уақытында ол жапон халқына қазақ музыкасын таныстырады. Токионың Китаку ауданындағы концерт залының сахнасында музыканттар «Бұлбұл», «Кішкентай», «Жорғатай» және «Жезкиік» сияқты ән-күй орындады.

Наоки Такахаши, музыкант:

- Мен қазақстандық әнші Нұржан Нұрпейісовтың оқушысымын. Атым Наоки Такахаши. Бүгін көрермендерді домбыра, қобыз, сазсырнай, шаңқобыз секілді қазақ халқының дәстүрлі музыкалық аспаптармен таныстырдық. Қазақстан және Орталық Азия елдерінің мәдениетін және музыкасын таныту біз үшін өте маңызды. Өйткені жапон халқы арасында сіздердің музыкаңыз бен музыкалық аспаптарыңыз аса танымал емес. Дегенмен қызығушылық жылдан-жылға артып келеді.

Жандос Сембаев, Жапониядағы ҚР Елшілігінің бірінші хатшысы:

- Бұл концерттің негізгі мақсаты – жалпы түркі тілдес елдерінің мәдениет және дәстүрмен таныстыру. Сонымен қатар Қазақстанды жапон тарапына, жапон халқына танымал ету.