Алматыда Арман Жүдебаевтың шығармашылық концерті өтті
Алматыда белгілі күйші, дирижер Арман Жүдебаевтың шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды 24kz.
Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында күй күмбірлеп, халық әндері шырқалды. Күй – көнеден жеткен ұлттық мұра, халық аманаты. Ел сенімін арқалаған Арман Жүдебаев осы өнерді шебер меңгеріп қана қоймай, мәртебесін көтеруге атсалысып жүрген жан. Концертте белгілі композиторлардың туындылары да орындалды.
Арман Жүдебаевтың дирижерлік етуімен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық академиялық халық аспаптар оркестрi және Бақытжан Байқадамов атындағы хор каппеласы Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан үзінді орындады.
«Сырт көзге оркестрі басқару оңай көрінгенімен, бұл өте күрделі мамандық. Дирижер әр музыкалық аспаптың бабын байқап, орындаушының шеберлігін бағалай білуі тиіс», - дейді өнердегі ұстаз ағалары.
Жалғасбек Бегендіков, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі:
- Оркестр басқару үшін расында да маман болу керек. Сондай әріптесіміздің бірі өзіміздің артымыздан келе жатқан осы Арман Жүдебаев расында да ерекше орны бар адам.
Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның халық әртісі:
- Сол күйлердің көпшілігін оркестрға түсіріп, оркестр арқылы өзінің шеберлігі, дирижер. Осы бір оркестрдің құлақ күйін келтіріп, сол әндердің бәріне жан бітіріп, халыққа таратып жүрген үлкен азамат.
Шығармашылық кеште Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы атынан Арман Жүдебаевты құттықтап, «Құрмет грамотасын» табыстады. Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан қос палата төрағаларының ақжарма тілектерін жеткізді. Арман Жүдебаев Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған. Белгілі өнер адамдарынан тәлім алды. Шеберлігін шыңдап, көптеген өнер байқауларында топ жарды. Өзі білім алған консерваторияның оқытушысы әрі басшысы болды. Құрманғазы оркестрімен шет мемлекеттерде, әлемге әйгілі сахналарда өнер көрсетті.
Арман Жүдебаев, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, дирижер:
- Оркестрдің басында болғаннан кейін оркестрмен бірге біте қайнасып, композиторлардың шығармасын, дирижер композитордың ішкі дүниесіне кіріп, соны оркестрге халыққа ашу ғой. Бұл – өте күрделі мамандық. Жалпы шәкірт тәрбиелеуде оны да біз жүргізіп жатырмыз.
Шығармашылық кеште Кенжебек Күмісбековтың «Дала сыры», Нұрғиса Тілендиевтің «Бауырлаштарым», Қаршыға Ахмедияровтың «Үшінші Қосбасар» шығармалары орындалды. Арман Жүдебев жыл сайын оркестрмен елге шығып, концерттік бағдарламада күйлер мен әлем халықтарының әуендерін, классикалық шығармаларды жаңа форматта ұсынады.
Авторлары: А.Садуақас, М.Құдықбаев